Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Президент бірнеше министрліктің құзыреттерін қайта бөлді

AstanaTV
25.01.2017ж. 20:00
2078
Президент бірнеше министрліктің құзыреттерін қайта бөлді

Үкіметте тағы да ауыс-түйіс. Бүгін президент Нұрсұлтан Назарбаев Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігін екіге бөлді. Мемлекет басшысының жарлығымен Тамара Дүйсенова Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды. Ал оның орынбасары болған Елжан Біртанов Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалды. Атауы мен қызметі ауысқан бұл жалғыз министрлік емес.

Мемлекет басшысы мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында бірқатар министрліктердің құзіреттерін қайта бөлді. Енді экспортты ілгерілету ісі - Инвестициялар және даму министрлігіне жүктелді. Ал туристік қызмет саласындағы функциялары мен өкілеттіктері - Мәдениет және спорт министрлігіне берілді.  Ұлттық экономика министрлігіне қарасты болған халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласы - Денсаулық сақтау министрлігіне, елді мекендердің шекарасы шегінде электрмен жабдықтау, газ және газбен жабдықтау қызметі Энергетика министрлігіне тапсырылды. Ал сәулет, қала құрылысы, құрылыс, тұрғын үй қатынастары, сумен жабдықтау, коммуналдық шаруашылық және коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеу  - Инвестициялар және даму министрлігіне беріліп, қайта ұйымдастырылсын делінген. Оны іске асыру үшін Үкіметке 1 шілдеге дейін уақыт берілді.