Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Нұрсұлтан Назарбаев Универсиада -2017 алауын тұтатты

AstanaTV
25.01.2017ж. 20:00
2336
Нұрсұлтан Назарбаев Универсиада -2017 алауын тұтатты

Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл әлемдік 28-ші универсиада ойындарының алауын тұтатты. Салатанатты шара барысында Елбасы, Қазақстан осындай ауқымды іс-шараны бұрын соңды өткізбегенін тілге тиек етіп, бұл кез-келген мемлекеттің қолынан келмейтін дүние екенін, атап өтті.

28-ші қысқы универсиада ойындарының алауы Астанада, студенттердің алтын ұясы «Назарбаев» университетінде тұтанды. Осы себепті білім ордасында дайындық қызған сәт. Соңғы сәтке дейін жалғасқан жұмыстар жемісті шығады деген үміт әркімнің көкейінде тұрған. Әлгінде ғана Бразилияда күмістен алқа таққан Василий Левит - бүгін абыройлы шараның символын ұстап жүгіруге мүмкіндік алғандардардың бірі.

Василий Левит, 2016-шы жылғы олимпиада ойындарының жүлдегері:

Сөз жоқ, қатты қуандым. Маған да универсиада ойындарының алауын алып жүру мүмкіндігі берілген екен. Бұл үлкен абырой. Ел мерейін асқақтататын шара.

Қаңтардың 29-да Алматыда бастау алатын спорт додасының алауын алғаш болып ел Президенті тұтатты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұндай дүние жүзілік доданы біз еш уақытта Қазақстанда өткізіп көргеніміз жоқ. 57 елден спортшылар келетін болады. 170 мемлекеттің сайлауымен біз ұтып алдық бұл шараны. Бұл, біріншіден, біздің еліміз үшін үлкен абырой. Қазақстанды дүниеге паш етеміз. Мыңдаған журналисттер келеді. Екіншіден, жастарды спортқа баулыйды. Үшіншіден, салған спорт кешендеріміздің барлығы болашаққа, болашақ спортшыларымызға қызмет етеді.

Алауды алғаш болып алып жүру міндеті Қазақстан құрамасының хоккейшісі Мадияр Ыбрайбековке бұйырыпты. Жас спортшы бастаған жол ұзындығы әр өңірге жетіп, 20 мың шақырымға жуықтайды деп жоспарланған. Астаналықтар игі істі жылы шыраймен қабылдап жатты.  Әр 200 метр сайын факелды алып жүру міндеті басқа адамға беріледі. Олардың ішінде спортшылар, қоғам қайраткерлері, тіпті үздік оқушылар да бар.

Альбина Өтеғалиева, студент:

Күнде қайталап, дайындалып отырдық. Сондықтан сақадай сай болдық деп, бек сеніммен айта аламын. Бұл шараға қатысу мен үшін де үлкен абырой болды.

Факел алып жүгіргендер тиісті межеге әлдеқайда тез жетті. Қалалық әкімшілік алдында факелды арнайы республикалық штаб күтіп алып, әуе рейсімен Алматыға жеткізеді.

Дәуренбек БАҚДӘУЛЕТ