Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

JOLTAP жобасы елорда тұрғындарын тегін оқытады

AstanaTV
09.04.2024ж. 20:00
285
JOLTAP жобасы елорда тұрғындарын тегін оқытады

Астанада тегін оқуға мүмкіндік бар. Жұмыс таппай жүрсеңіз жол тапқа жол тартыңыз. Өткен жылдың күзінде басталған жоба арқылы бүгінге дейін 2 мыңнан астам адам жаңа мамандықты меңгерді. Тіпті жұмыс табуға да жәрдемдеседі.

Әсел Қожағұлова жолын "Жолтап" жобасынан тапты. Бұрын оның мамандығы болмаған. Күзде жобаны естіп, қатысуға бел буды. Тігінші кәсібін үйренді. Аз уақытта меңгеріп алды.

Әсел ҚОЖАҒҰЛОВА - ЖОБАҒА ҚАТЫСУШЫ:

Осыған дейін тігіншілікті өздігімше үйренгем, осында келген соң кәсіби деңгейде меңгердім. Оқытушымен бірге жұмыс істегенде кәсіп үйрену оңай әрі жылдамырақ болады. Қазіргі уақытта тағы бір мамандықты үйреніп жатырмын.

Жоба аясында 15 мамандық оқытылады. Оның жетеуі жұмысшы, қалғаны цифрлық. Қазір 300-ге жуық қатысушы жаңа мамандықты үйреніп жатыр. Жыл соңына дейін 10 мың тұрғын қамтылады.

Ерасыл ДІЛДӘИМ, ЖОБА МЕНЕДЖЕРІ:

Жолтап жобасының мақсатты аудиториясы, бұл - жұмыссыздар, NEET санатындағы жастар, жаңадан көшіп келген адамдар және де мансаптық бағыт-бағдарсыз жүрген адамдар. Алайда жобаға Астанада тұратын әрбір азамат қатыса алады.

Жобаға қатысушылар таңдаған мамандығына қарай 5 күннен 1 айға дейін сабақ оқиды. Дәрісті көп жылдық тәжірибесі бар арнайы мамандар өткізеді.

Фарида МЫРЗАХМЕТОВА, ОҚЫТУШЫ:

Ине дейік, жіп дейік, мата дейік, олар замок тігіп үйренеді иә, сол замоктың барлығы бізде Жолтаптан тегін беріледі, олар келіп, тегін, толық үйреніп кетеді. Бізде өздері үйреніп, ателье ашқан қыздар бар, немесе фабрикаға жұмысқа тұрғандар бар.

Жас ерекшелікке шектеу қойылмайды. Жаңа мамандық меңгеремін дегендердің барлығына есігі ашық.