$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Ақтөбелік зейнеткер туған қаласын су тасқынынан аман алып қалды

09.04.2024ж. 20:00
450
Ақтөбелік зейнеткер туған қаласын су тасқынынан аман алып қалды

Сындарлы сәтте еріктілер алдыңғы шепте еңбек етіп жатыр. Қарғын сумен күреске 25 мың волонтер жұмылдырылған. Олар халыққа қажетті көмек көрсетуде.

Ақтөбелік Шыңғыстау Әбдиев туған қаласын тасқыннан аман алып қалды. Өңірдегі су қоймасы лық толып, қалаға қауіп төнген. Сонда мамандар екінші шлюзды ашу туралы шешім қабылдаған. Бірақ сол сәтте кранның тежегіші істемей қалған көрінеді. Шыңғыстау Қибашұлы жарты сағаттың ішінде мәселені шешіп, өзі кранға отырып,екінші шлюзды ашып, суды уақтылы жіберуге жәрдемдесті.

Шыңғыстау ӘБДИЕВ, ЗЕЙНЕТКЕР:

36 жыл ішінде мұндай екпін су бірінші рет келіп тұр. Бізде 93 жылы ең көп су болғанның өзіңде секундына 1250 куб солай келіп еді. Ал мында секундына 1700 куб келді. Тіпті биыл мықты су болды. Уақытында жіберіп қауіптің бетін сейілтіп, суды реттеп алып қалдық.

Сын сағатта халқына қалқан болар азаматтар қарап қалып жатқан жоқ. Қолынан келгенше тасқын суға тосқауыл болу үшін әрекет етуде. Бұл іске тұрғындармен қатар мемлекеттік қызметкерлер де кіріскен.

Марғұлан ОСПАНОВ, Ы.АЛТЫНСАРИН МЕМОРИАЛДЫҚ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Екі-үш күннен бері мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік сала қызметкерлерінің барлығы осы топан суға тап болған елдімекендерге өздерінің қол көмегін тигіземіз деп екі қолға бір күрек табылып, қапқа арқаланған құмдарды жол жиегіне төсеп, елді топан судан құтқарамыз деп әрекет жасап жатырмыз.

Аслан САРТАНҒАЛИЕВ, ЕРІКТІ:

Қалай төтенше жағдай басталды, өзіміз бөлек группа ашып, кімде қайық бар, кімде ОЗК соларымызды алып, көмектесейік деп жерлестерімізге. Сонымен, 10 күннен асты. Көмектесіп жүрміз. Суға кетіп жатқан жерлер, үйінде қалып қойған адамдарды қайығымызбен барып шығарып, асығып жүргенде иттері байланып қалған. Оны босатып, қолдан келсе өзімізбен алып шығып.

"Жастар Рухы" Жастар қанатының еріктілері де ерекше белсенді. 2000-ға жуық белсенді гуманитарлық көмекті жинаумен қатар үлестірумен де айналысуда.

Ақерке ЕСКЕНДІРОВА, "AMANAT" ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ "ЖАСТАР РУХЫ" ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жалпы волонтерлар жергілікті жерлерде жұмыс істеп жатқаннан кейін қандай заттар қажет екенін бізге жинап, орталыққа жіберіп жатыр. Гуманитарлық көмек жөнелтілгеннен кейін, басқа облыстың волонтерлары қарсы алып, үйлестіру жұмыстарын да жүргізіп жатыр. Жалпы шалғай ауылдарға тікұшақпен жеткізу жүріп жатыр.

Еріктілер төтенше жағдай жарияланғалы 550 тонна гуманитарлық көмек жинады.Оның 400 тоннаға жуығы тасқыннан зардап шеккен өңірлерге жөнелтілді. Қазір елімізде 20 волонтерлік штаб жұмыс істеп тұр.