Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

Ұлттық гидрогеологиялық қызмет құрылады

10.04.2024ж. 20:00
314
Ұлттық гидрогеологиялық қызмет құрылады

Елімізде Ұлттық гидрогеологиялық қызмет құрылады. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі айтты. Мекеме жерасты суларын басқару, іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізіп, жерасты суларын ұтымды пайдалану мәселесін бақылауда ұстайтын болады. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысындағы бес ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 62 процентке жетті. Осы аптада мұнда су тасқыны болады деген болжам бар. Сондықтан барлық жауапты қызметтер жоғары дайындық режиміне ауысты. Ал Қостанай облысында екі ірі су қоймасы орта есеппен 93 процентке толса, Солтүстік Қазақстан облысындағы қоймалар 100 процентке толған.

Ғалымжан ҚАМБАРБЕКОВ, ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРЛІГІ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Артық сулары бар су қоймалары транзиттік режимде жұмыс істеп жатыр. Және ол су қоймаларындағы суды жазғы кезде және су аз жылдарда қолданатындай жинақтау басты мақсатта тұр қазір. Су қоймаларының міндеті – тасыған суды төменгі бөліктерге бірден жібермей, су тасу, су басу қаупінен мейлінше сақтап қалу болып табылады.

Сондай-ақ қазіргі таңда республикалық маңызы бар жолдарда барлығы 800-ге жуық бірлік техника мен мың жарымнан астам адам су тасқынын алдын алу бойынша жұмыс атқаруда. Су шайған жолдар мен көпірлер дереу қалпына келтіріліп жатыр.

Сәкен ДІЛДАХМЕТ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК» АҚ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Су алу маусымы басталғалы бері Ақтөбе облысының Ырғыз өзені арқылы өтетін көпірін бір тәулікке жетпей уақыт ішінде қалыпқа келтіріп, қозғалыспен қамтамасыз еттік. Павлодар облысындағы республикалық трассаны да біз өзіміз қолдан бұзып елдімекенге қауіп төнгеннен кейін, судың ағысын бұрып, кейін екі күнде қалыпқа келтіріп, қазір жол қозғалысын қайтып ашқан болатынбыз.