Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Депутаттар тұрғындармен кездесті

Депутаттар тұрғындармен кездесті

Қостанай облысындағы Алтынсары ауылында 141 үй су қоршауында қалды. Елдімекеннен 460 адам эвакуация пунктеріне жеткізілді. Ал Мичурин кентінде 34 баспананы су басты. Бүгіннен бастап арнайы комиссия дүние-мүлік шығынын есептеуге кірісті, дейді аудан басшылығы. Жөндеуге келмейтін үйдің орнына жаңасы салынады. Төрт түлік шығыны өтеледі. Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, түйткілді сұрақтарға жауап берді. Ол ешкім назардан тыс қалмайтынын айтты.

Екатерина СМЫШЛЯЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Комиссия мүшелерімен де кездестік. Олардың негізгі міндеті әр тұрғынның шығынын әділ бағалап, көпшілік көңілінен шығатын шешім қабылдау. Баспанасынан, бар мүлігінен айырылған адамдардың толық өтемақы алуын қамтамасыз ету керек.

Ал Шығыс Қазақстандағы стратегиялық нысандар мол суды өткізуге дайын. Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашинов өңірдегі су электр станцияларының жағдайына баға берді. Бұқтырма су электр станциясы 60 процентке толы. Гидроқұрылғы қазір штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Ұлықбек ТҰМАШИНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Алты ауданды араладық. Әр аумақта су көп. Бірақ ауылдық округ әкімдері, мамандар жақсы жұмыс істеді. Иә, тауда қар көп, оған қоса, екі күннен бері жаңбыр жауып тұр. Менің ойымша, біздің су электр станциялар каскады оған қалыпты жағдайда қарсы тұра алады.