Уылдырық шашу кезеңіне байланысты 15 сәуірден Павлодар облысында балық аулауға тыйым салынады.
Сәуірдің 15-і мен мамырдың 30-ы аралығында өңірдегі барлық су айдындарында балық аулауға уақытша тыйым салынады. Бұл уақытта облыстағы Сәтбаев арнасының су тораптарынан ғана әуесқой балық аулауға рұқсат етіледі. Ал оған арнайы жолдама қажет және балықшы басына лимит белгіленген.
«Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ басшысының орынбасары Нұржан Қазтайдың айтуынша, Ертіс өзені мен оның сағаларының барлығында бақылау жүргізіледі. Бұған қоса тұзды көлдер бойынша 1 наурыз бен 15 маусым аралығында артемия салина құртының жұмыртқаларын жинауға және дайындауға да тыйым салынған. Балық аулау бұл уақытта тек Сәтбаев арнасының су тораптарында жүргізіледі. Әуесқой балықшылар торта, табан, алабұға, мөңке және шортанды аулауға ғана құқылы. Олар өздерімен бірге жолдама және жеке куәліктерін алып жүруі керек.
«Уылдырық шашу кезеңінде жергілікті балық инспекциясының жұмысы да қыза түседі. Себебі тыйымға қарамастан өзен жағалағандар ау лақтырып, мұз астынан шығып азық іздеген мол балықты олжалап қалуды көздейтіні белгілі. Кәнігі балықшылар мұндай уақытта су айдындарына жоламайды. Заңды бұзатындар – балық аулауды заңсыз кәсіп көзіне айналдырып, браконьерлікпен айналысатындар. Былтыр Павлодар облысында табиғат қорғау заңнамаларын бұзған 27 азамат анықталды. Олардан рұқсат етілмеген аулау құралдары мен аулар және үш қайық тәркіленді. Жалпы мөлшері 640 мың теңге айыппұл салынды», - дейді ол.
Негізі өңірдің өзен-көлдерінде 20-дан аса балық түрі бар. Соның ішінде орыс бекiресi, сүйрiк, көкшұбар, пайдабалық, шортан, торта, аққайран, ақ амур, оңғақ, табан, алтын түсті мөңке, сазан (тұқы), ақ дөңмаңдай, кәдімгі жайын, нәлiм, берш, кәдімгі көксерке, өзен алабұғасы кездеседі. Бекіре тұқымдастарды және Қызыл кітапқа енген нельманы аулауға мүлде тыйым салынған.
Биыл сәуір-мамыр айлары аралығында су айдындарын иесіз тасталған балық ауларынан тазарту және жағалау аумақтарын жинау мақсатында «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясы жалғасын табады.