$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Елімізде жалпы құны 8,4 миллион тоннаның өнімі сатылымнан алынып тасталған

AstanaTV
26.01.2017ж. 20:00
2461
Елімізде жалпы құны 8,4 миллион тоннаның өнімі сатылымнан алынып тасталған

Ресейден келетін сүт-тоң май өнімдерінің 61 пайызы нормаға сай емес. Талаптарды бұзғандардың арасында Беларусь, Қырғыз, Украина және Франция өндірушілері де бар. Бүгін сапа мен қауіпсіздік жағдайына байланысты өткен басқосуда комитеттің бас сарапшысы осылай деді.

Дана Қасқатаева, ҚР ҰЭМ тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің бас сарапшысы:

Мониторинг шеңберінде сөрелерде нағыз сары май деп сатылған өнімдердің құрамы сыртқы ақпаратымен сәйкес келмейтін фактілер анықталды. Майдың майлылығының құрамында міндетті түрде жануарлардың өнімі болуы керек. Ал кейбір компаниялар өсімдік майын қосып тұтынушыларды алдайды.

Өткен жылы ел нарығында айналымда бар 29 мың азық-түліктен сынама алынып, 12 пайызы техникалық талапқа сай келмейтіні белгілі болды. Көп таралған құқық бұзушылықтар да айтылды. Мысалы, тұтынушылар үшін бұрыс ақпарат беру жағдайы 65 пайыздан астам, қауіпсіздік талаптарды бұзу 21 пайыз, тұтынушыларды алдау фактілері 14 пайызды құрап отыр. Тексерістен соң құны 8,4 млн теңгені құрайтын 25 тоннадан астам өнім сатылымнан алынған. Оның ішінде 17,5 тонна азық-түлік, 88,9 кг балалар ойыншығы, 427 кг балалар өнімі, 2 тонна синтетикалық және жуғыш құралдар. Сондықтан мамандар өнім сапасына күмән туса, тиісті органдарды құлақтандыру қажет деп отыр.

Нұрқан Сәдуақасов, ҚР ҰЭМ тұтынушылар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:

Барлық тұтынушыларды азаматтық жауапкершіліктерін танытып, әр өнімді қарап алуға кеңес беремін. Шұжықтың ішінен құс қауырсыны шыққан жағдайды білесіздер ғой. Ол кісі тек әлеуметтік желіге жариялап қана қоймай, арыз қалдырған болатын. Осы арқылы жауапсыз өндірушінің жұмысын тексеріліп, тоқтатылды.