Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қызылжарда жаңа үйдің тұрғындары ыстық сусыз қалды

AstanaTV
26.01.2017ж. 20:00
2266
Қызылжарда жаңа үйдің тұрғындары ыстық сусыз қалды

Дірдектеген дүйім жұрт. Қызылжарда мемлекеттік бағдарламамен салынған бірнеше жаңа баспананың тұрғындары жылусыз қалды. Олар қолдан келгенше пәтерін жылытуға тырысып жатыр. Бірақ қаңтардың қаһарлы суығына төтеп берер емес. Бір ай бұрын жаңа үйге қоныс тепкен қалың бұқара үшін жылу мәселесі бас қайғыға айналып отыр.

Баласы жаңа үйге қол жеткізгенде Ләззат Дәрбаева шексіз қуанған еді. Енді қарт ана  тәуелсіздік күні қарсаңында берілген пәтердің берекесі болмады деп қаймығып отыр. Баспана мәселесі сол сәттен-ақ басталған көрінеді. Жылу жүйесі мардымды істемегендіктен, бірден қабырғалары көгеріп кеткен. Қазір үйдегі бар жылуды сақтау үшін күні-түні электр құрылғысы қосылып тұр. Ай соңында электр қуатының құнын еселеп төлеуге мәжбүрміз, - дейді зейнеткер.

Ләззат Дәрбаева, Петропавл қаласының тұрғыны:

Көгілдір отынның өзін 31 желтоқсан күні, жаңа жыл қарсаңында қосты. Ыстық су әлі берілген жоқ. Бүгін міне қаңтардың 25 болды ғой. Мұндай жағдайы жоқ жаңа баспанада қалай тұруға болатынын білмейміз.

Үйлі болған тұрғындар үшін жылу мәселесі бас қайғыға айналып отыр. Кейбіреулері пәтерлерін күні-түні жылытып 20 градусқа дейін жеткізіп отыр. Ал, мына отбасы үш бөлмелі пәтердің бір бұрышын ғана паналауға мәжбүр. Терезелерді түгел қымтап, балконды толық  қаптағанымен жаңа үй жылынбай қойыпты.

Юлия Высотских, Петропавл қаласының тұрғыны:


Кішкентай баламыз бар. Оны  дұрыс жуындыруға жағдай жоқ. Пәтеріміз үш бөлмелі болғанымен, осы 17 шаршы метрді паналап отырмыз. Бәріміз осында жатамыз.

Жылуы жоқ баспанаға тұрғындар «ТұрғынҮйҚұрылысЖинақ Банкі» арқылы қол жеткізген. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бой көтерген алғашқы үйлердің кілтін өңір басшысы өз қолымен салтанатты түрде табыстаған.

Андрей Рожников, Петропавл қаласының тұрғыны:

Бәріміз несие рәсімдеп, пәтердің құнын толық төледік. Енді банкке сол несиені өтеп жатырмыз. Тұрғындардың  түгелі алғашқы төлемдерін жасап үлгерді. Бірақ. ыстық су, жылу аз. Тоңып отырмыз.

Жергілкті билік өкілдері көпқабатты үйдің әлі 26 пәтері бос тұрғандығын айтады. Ал жылу тарату компаниясы болса, тұрғындар толық қоныс теппей, ыстық су қоспайтын көрінеді.

Қайролла Галеев, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

Бұл үйге тұрғындардың 60 пайызы ғана қоныстанған. «ТұрғынҮй ҚұрылысЖинақ банкі» қалған адамдардың төлеу қабілеттілігін  анықтау үстінде. Ал, ыстық су берілуі үшін тұрғындар «Энергосбытпен» келісімшарт жасап, жеке есепшот ашуы керек. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі келісімшарт жасаған тұрғындардың тізімін компанияға 23 желтоқсан күні ұсынды. 

Жылыту компаниясының өкілдері пәтерлерге жылу берілгендігін телефон арқылы хабарлады. Айтуынша, автоматтандырылған құрылғы істен шығып, жылу жүйесінде ақау пайда болған. Жуық арада бұл мәселе шешіледі деп сендірді. Тіпті арнайы маманы жіберіп, ақауды тез арада дұрыстайтынын айтты. Алайда, тұрғындар пәтердің салқын болуы батареяларға байланысты дейді. Мәселен, кең бөлмелердің өзіне небәрі 5 секциядан тұратын жылыту батареялары орнатылған. Оны үй иелері өздері ауыстыра алмайды. Өйткені мердігерлер баспанаға 3 жылға дейін кепілдік берген.