Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

«Таза Қазақстан» акциясы басталғалы Ақтау қаласынан 70 тоннадан астам қоқыс шығарылды

«Таза Қазақстан» акциясы басталғалы Ақтау қаласынан 70 тоннадан астам қоқыс шығарылды

Елімізде «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы жалғасуда. Мемлекеттік қызметкерлерден бастап туған қаласының тазалығына немқұрайлы қарамайтын тұрғындар да сенбілікке шығып жатыр. Көше бойын тазалап жүрген жұрт көшет егіп, айналаның жасыл желекке айналуына септігін тигізуде. Ал ақтаулықтар қаладағы ескерткіштерді тазалап жатыр.

Ақтаулық Феруза Қаракесекова қаланы бес саусағындай біледі. Ол 10 жыл бойы аула сыпырып, қоқыс жинаған. Қазір бригадир қызметін атқарып жүр. Ол әркез әріптестеріне көмектесіп, қаланың мұнтаздай таза болуын қадағалайды. Тазалық мекемесінің қызметкері қаладағы бірнеше шағын аудандар мен бір саябаққа жауапты. Сондай-ақ саяси қайраткер Тобанияз Әлниязұлының ескерткішінің тазалығын Феруза Қаракесекова қарайды. Тазалық қызметкері маңдай тер еңбегінің арқасында Мемлекет басшысының қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алған.

Феруза ҚАРАКЕСЕКОВА, САНИТАРЛЫҚ ТАЗАЛЫҚ МЕКЕМЕСІНІҢ БРИГАДИРІ:

Енді аптасына күнделікті мусор шығарамыз. Сосын кілем деп айтамыз ғой, соны аптасына екі рет шығарамыз, камазбенен, газельменен. Аптасына екі рет, үлкен техникалар болады, соған тиеледі. Оған дейін микрорайонның ішіндегі мусорлар бар ғой, соларды жинаймыз. Мысалы урналар бар, бірталай мешоктар шығады. Оны сосын техникаға тиеп жібереміз.

 «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы қаладан 70 тоннадан астам қоқыс шығарылған. Қаланың осынша қоқыстан тазартылуына мемлекеттік мекеме қызметкерлері, кәсіпкерлер және қала тұрғындары атсалысты.

Бахтияр МАҚСАТОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН-ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Сенбілікке барлық мемлекеттік органдар қатысады. Сонымен қатар, қала тұрғындары да өз көмектерін көрсетуде. Оларды құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеміз. Тазалық жұмыстары демалыс орындарында, атап айтқанда жағалауда, қаланың іші мен сырт аумақтарда жүргізіледі.

Акция аясында әр аптаның өз атауы бар. Бұл апта «Киелі мекен» деп аталды. Республикада 20 сәуірге дейін тарихи-мәдени ескерткіштер мен киелі орындардың аумағы тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.