$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қызылжарға ұшақпен 10 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді

16.04.2024ж. 20:00
455
Қызылжарға ұшақпен 10 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді

Астаналық кәсіпкерлер қызылжарлықтарға көмек көрсетті. Олардың гуманитарлық көмегін Қорғаныс министрлігі ұшақпен теріскейге жеткізіп берді. Әуе кемесімен солтүстікке әріптесім Сүндет Оралбек барды. 

 Сүндет ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Тасқын судан зардап шеккен Қызылжар өңіріне гуманитарлық көмек ұшаққа тиілуде. Мұнда халықтан жиналған 10 тонна жүк бар. Ең қажетті деген заттар алынған. Әскери қызметкерлер бірлесіп қызмет етуде.

Сындарлы сәтте 300-ге жуық кәсіпкер 30 млн теңге көлемінде жылу жинаған. Тасқыннан зардап шеккен өңірлерге қайық, резеңке етіктер, азық түлік секілді заттар сатып алып, апат орын алған өңірлерге жіберуде. 

 Дамир ЖАЙДАРБЕК, КӘСІПКЕР:

Бір самолетті Орал қаласына жібердік. Әуе қорғаныс күштерінің көмегімен. Екінші күні Атырау қаласына екі ұшақ жібердік. Міне қалған гуманитарлық көмегімізді Петропавл қаласына жіберіп жатырмыз. Қолымыздан келгенше біздің сообщества қандай жағдай болмасын қолы ашық. Халыққа, елге көмектесуге алда жүреміз. 

 Гуманитарлық көмекті тасымалдау жағын қорғаныс министрлігі толықтай өз мойнына алды. Бұл жолы теріскейге екі әуе кемесін берді. 

Айбек СЕЙДІҒАЛИМОВ, АВИАЦИЯЛЫҚ ҰШҚЫШ:

 Біздің әуе қорғаныс күштері күрделі метео жағдайларға қарамай, күннің қолайсыздығына қарамай Қазақстан Республикасына көмектесуге дайынбыз. 

Сүндет ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Әуе кемесі көкке көтерілгелі тұр. Тікұшаққа ұн, қант секілді ең қажетті өнімдер тиелді. Су тасқынын зардап шеккендерге аса қажет.

Сүндет ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Біз қазір Петропавл қаласының үстінен ұшып барамыз. Өздеріңіз көріп тұрғандай жағдай күрделі. Үйлердің барлығын су басқан. Тіпті шатырлары көрінбейді.


 Кейбір елдімекендерге баратын жолды тасқын су шайып кеткен. Тұрғындар уақытша эвакуациялық пунктерді паналауда. Ең қажетті деген гуманитарлық көмек бас қаладан ұшақпен бір жарым сағаттың айналасында жеткізілді. Әскерилер барлық өнімді түсіріп, арнайы көліктерге тиеді. 

Сүндет ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Қазір жүкті түсіру жұмыстары жүргізілуде. Белсенділер қабылдап алып жатыр. Әрі қарай бас штабқа барып, сол жақтан зардап шеккен өңірлерге жіберіледі.

Сергей ДОМАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:

 Бізде арнайы жасақталған гуманитарлық көмекті жинауға арналған пункт бар. Облыстық мәслихатқа зардап шеккендердің тарапынан күнделікті өтініштер түседі. Сол гуманитарлық көмектің діттеген жеріне жетуін қадағалаймыз. 

Кәсіпкерлер бұл игі істі алдағы уақытта да жалғастырмақ. Олар су тасқынынан зардап шеккен өңір тұрғындарынан қажетті заттарды сұрап, тізім жасақтауда.