Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Шымкентте мемлекеттік қызметке қабылданушылардың орнына тест тапсырып келген 8 адам сотталды

AstanaTV
27.01.2017ж. 20:00
2824
Шымкентте мемлекеттік қызметке қабылданушылардың орнына тест тапсырып келген 8 адам сотталды

Шымкентте мемлекеттік аттестацияны бизнеске айналдырғандар жазаланды. Бүгін сот 8 бірдей ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесіне үкім оқыды. Ымыраласқандар мемлекеттік қызметкерлердің орнына тест сынақтарын тапсырумен айналысты деп айыпталды. Істің жай-жапсарын Айзада Төребекқызы тарқатып  айтады.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Табыс табудың ерекше жолын ойлап тапқан пысықайлардың ісіне қатысты сот процесі Әл-Фараби аудандық сотында өткен жылдың қазанында басталған. Бұл іске 19 адам күдікті ретінде қатысып келген. Үш айға созылған процеске нүкте қойған судья Еркін Оспанов сегіз адамға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Сотталғандардың  екеуі - басты фигурант. Ұйымдастырушылық қызмет атқарған екеу 7 жылға кесілді. Тағы 6 қатысушы 5 жылдан жаза арқалады. Барлығының дүние-мүлкі тәркіленетін болады. Ал 11 адам,  «теріс қылық» жасады деп танылғандықтан, жазадан тыс қалды. Тарқатып айтайын, ұйымдасқан топ еліміздің әр аймағында мемлекеттік қызметке тұрғысы келгендердің орнына сынақ тапсырып келіпті. Олар 2014-2015 жылдар аралығында 148 адамның орнына тестті сәтті тапсырып шыққан. Бұл қызметтерін 2 мың мен 3 мың АҚШ ақшасына бағалаған.

Еркін Оспанов, Әл-Фараби аудандық сотының судьясы:

Тапсырушы білімді адамдарды жинаған бұлар...Бұлар жеке куәлік жасаған. Арнайы аппарат алдырған, сонымен жасатқан. Мысалы, фамилиясы текст тапсырушынікі болса, суреті тест тапсырып отырған адамдікі. 148 адамға сондай қолданған.

Ақша төлеп, мемлекеттік қызметке өткен 148 адам жұмыстарынан шеттетілген. Айта кетейік, бүгін сотталғандардың арасында ерлі-зайыптылар да бар. Отбасылы екеу мемлекеттік қызметке тұруға ниетті жас мамандардың орнына сынақ тапсырып беріп отырған. Енді екеуі де түрмеге түсетіндіктен, олардың кәмелет жасына толмаған екі баласының тағдырын қорғаншылық және қамқоршылық бөлімі шешетін болады. 19 адамнан бөлек, осы іске қатысты тағы жеті адам өткен жылы жазаларын алған. Тапсырысты орындаушылардың барлығы 5 жылдан жаза арқалаған. 


Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ