Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Бас прокуратура жаңа реформаларға бет бұрды

AstanaTV
27.01.2017ж. 20:00
4008
Бас прокуратура жаңа реформаларға бет бұрды

Прокуратура қызметкерлері таңнан кешке дейін мемлекетке пайдалы іс жасап жүргендей көрінуді доғару қажет. Халыққа қызмет қылатын кез келді». Бас прокурор Жақып Асанов Бас прокуратура алқасының отырысында осылай деді. Белгілі болғандай, биыл прокуратура қылмыстық істі қарау уақытын қысқарту, электронды жүйеге көшу және үздік кадрларды жинауға аса мән бермек. Тақырыпты тілші тарқатады.

Саламат Омаш:

Жақып Асанов отырыста саланы сынаудан бастады. Ол өз әріптестерін, тергеу органдарын халыққа шынайы қызмет етуге шақырып, қажетсіз қағаздар мен кадрлардан құтылу керектігін айтты. Бас прокурордың сөзінше, атқарылып жатқан жұмыс көп, бірақ қылмыстың азаятын түрі жоқ. Сол себепті жаңа реформалар ауадай қажет.

Сонымен, осы жылы прокуратура органдарының негізгі міндеті - кадр мәселесі. Прокуратураның жаңа жобасы бойынша, 2000 кандидаттың ішінен 128 маман жұмысқа іріктеп алынған. Ондағы басты талап, Бас прокурордың сөзінше, қызметкердің көзінде оты болуы керек. Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркельдің баяндамасынан кейін Жақып Асанов: «Таңнан кешке дейін пайдалы жұмыс істеген кейіп танытып отырамыз. Жаңа қызметкерлерді әкеліп, пайдасыз, түсініксіз іспен айналысатын қызметкерлерді қысқартатын болсаңыз, сізді марапаттауға өзім бастама көтеремін», - деді.

Жақып Асанов, ҚР Бас прокуроры:

Почему нас не любят, не уважают? Потому что люди разумные видят всю неразумность. Ақылға сыймайтын нәрселер өте көп бізде. Содан құтылу керек.

Тағы бір мәселе - қылмыстық процесті жеңілдету. Дамыған елде істі қарап, шешім шығару бір апта кетеді, ал бізде 3-4 айға созылады екен. Оған қоса кәсіпкерлерге және қарапайым адамдарға еш себепсіз қозғалған қылмыстардың да саны көп, - деді Жақып Асанов. Сол себепті Азаматтық-процессуалдық кодекске өзгертулер енгізу ұсынылды. Айыпталушылар жағынан зомбылық көрсетті деп арызданушылар көп болғандықтан, адами фактордан арылып, барлық жерге видеокамералар орнатылатын болды. Тіпті облыстық прокуратура басшыларына дейін телефон арқылы есеп беріп, видеолары әлеуметтік желілерге орналастырылмақ.

Жақып Асанов, ҚР Бас прокуроры:

Жалпылама сөз көп болса, демек оның жұмысы жоқ. Демек, ол өзінің орнында емес. Оның ойы жоқ. Оның мінезі жоқ. Оның харизмасы жоқ. Неге отыр онда ол жерде? Біз соны тексереміз. 

Бас прокурордың орынбасары  Андрей Кравченконың айтуынша, шетелге заңсыз шығарылған 56 миллион долларға тосқауыл қойылған. «Жаңа реформалардың арқасында бұл істе дамыған елдер көмектесіп жатыр», - деді ол. Сондай-ақ, президенттің көмекшісі, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Владимир Жұмақанов, халықтың аштық жариялап, өз өзіне қол жұмсауы прокурорлардың салғырттынан, деді.

Владимир Жұмақанов, ҚР Президентінің көмекшісі, қауіпсіздік кеңесінің хатшысы:

Қызметкерлердің өз ісіне салғырттығы неге әкеліп тірейтінін өткен жылы көрдік. Түсінікті әрі дер кезінде жауап ала алмаған адамдар басқаша амалдарға көшеді. Тіпті, өз-өзін өртеу, аштық жариялау сияқты наразылық акциялары прокуратураның аумағында болды. Халық бұл органнан шындық іздеп келеді. 

Бас прокурор Жақып Асанов, Владимир Жұмақановтың сөзін қоштап, креслоға жайғасып алып, ведомстволарды мақтай беру мемлекетке қарсы жасалған қылмыс екенін, ондайларды кезінде халық жауы деп атағанын барлық тергеу органдарының есіне салды.

Прокуратураның алдындағы үшінші мәселе - қағазбастылықтан құтылып, электрондық жүйеге көшу. Қазіргі таңда Қазақстанда жылына бес миллион іс пен материал тергеледі екен. «Қағаз - кешегі де емес, өткен ғасырдың ісі», - деген Жақып Асанов, электронды жүйеге көшуді «Қазпоштаның» бұрынғы басшысы, жаңа тағайындалған Бас прокуратураның құқықтық статистика комитетінің басшысы Бағдат Мусинге тапсырды.

Саламат ОМАШ