Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Елімізде ақылы автотұрақ ақысын төлемегендерге айыппұл салынбауы мүмкін

17.04.2024ж. 20:00
292
Елімізде ақылы автотұрақ ақысын төлемегендерге айыппұл салынбауы мүмкін

Енді елімізде ақылы автотұрақ ақысын төлемегендерге айыппұл салынбауы мүмкін. Тіпті, күрделі себеп болмаса жүргізуші куәлігінен айыру жазасы да алынып тасталмақ. Көлік иелеріне осындай жеңілдік бар. Бірақ мопед айдайтындарға талап күшейеді. Олар жүргізуші куәлігін алуға міндетті. Сондай-ақ оны заң жүзінде тіркеуі керек. Тұлпары барларға мұндай құлаққағыс көп. Өзгерістер туралы Аружан Задабек айтады.

 Жыл басынан бері мопедтің кесірінен 171 жол-көлік оқиғасы болды. Былтыр мұндай апаттың саны 750-ге жеткен. Ол 2022 жылмен салыстырғанда 4 есе көп.

Екатерина СМЫШЛЯЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Заң жобасы – көліктің осы түрінің қозғалысын реттеу жөніндегі жұмыстың жалғасы. Бұл – жолдардағы мопедтердің көбеюімен байланысты. Бүгінде мопед – ең қолжетімді көлік түрінің бірі. Алайда олардың санының артуы жолда көлік апатының артуына әкеп соғып отыр.

Жол апаты тек мопед айдайтындардың кесірінен болмайды. Олардың арасында мас күйінде рөлге отырған жүргізушілер де бар.

Жыл сайын елімізде ішімдікке сылқия тойған азаматтардың қатысуымен 500 жол көлік оқиғасы болды. Салдарынан 100-ге жуық адам қаза тауып, 600-і түрлі дене жарақатын алды.

Депутаттар соған қарамастан мұндай тұлғалардың жазасын жеңілдетуді сұрады. Бірақ Ішкі істер министрлігі ұсынысқа келіспеді.

Игорь ЛЕПЕХА, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Меніңше, мұндай жағдайда көлік жүргізу куәлігінен айыру керек. Бұл – орынды. Ал, жазаны жеңілдету туралы ойланудың қажеті жоқ.

Ішкі істер министрінің орынбасары ішімдік ішкен жүргізуші көлікті қалай айдауды білмейді,- дейді. Тіпті, заңға пысқырғаны бар. Дәл ақылы тұрақтың теңгесін төлемей қашып кететіндер секілді. Енді оларды айыппұлмен де қорқыта алмаймыз. Өйткені заңға енгізілетін жаңа өзгерісте бұл норманы алып тастау туралы ұсыныс айтылды.

Сергей ПОНАМАРЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Заң жобасында денсаулыққа зиян келтірмеген жол-көлік оқиғасында жүргізішу куәлігінен айыруды қолданбау ұсынылған. Автотұрақ ақысын төлеуден жалтару үшін жауапкершілік алынып тасталады, өйткені бұл қызметтер азаматтық-құқықтық сипатта.

Мәжіліс депутаттары елдегі айыппұл көлеміне наразы. Тым көп, - дейді. Мәселен теңгеге шаққанда оның көлемі Ресейде 3 мың теңге. Беларусьте 5 мыңнан бастаалды. Ал бізде ең азы -17 мың.

Ерлан САИРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бұл бүгінгі таңда заңсыздықтардың алдын алу емес, біздің азаматтарға қарсы қаржылық репрессия тәрізді. Қазіргі өте ауыр гуманитарлық жағдайда осы айыппұлдар азаматтарды шаршатып жібереді.

Ішкі істер министрлігінің өкілі депутаттың бұл пікірімен келіспейді. Осылай ғана жол-көлік оқиғасын азайта аламыз, - дейді. Биыл көлік апаты 70 проценке өскен. Қара жолда қаза тапқандардың саны жыл сайын 2 мыңнан асады.