Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Қазақстанда шағын және орта бизнес үшін ашық цифрлі платформа құрылады

AstanaTV
27.01.2017ж. 20:00
2996
Қазақстанда шағын және орта бизнес үшін ашық цифрлі платформа құрылады

Қазақстанда шағын және орта бизнес үшін ашық цифрлі платформа құрылады. Бүгін "Нұр Отан" партиясы жанындағы кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында аталған жоба ұсынылды. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп, «Қазақтелеком» компаниясы отандық бизнесті жаңа белеске алып шықпақ. Бұл - заман талабы. Қазірдің өзінде палатаның іске қосқан «Atameken Services» электронды қызмет көрсету жобасы арқылы Қытай және Грузия елдері өз тауарын саудаға шығармақ. Әлемдік нарықтың онлайн жүйені тиімді қолданып келе жатқаны тек бүгін емес.

Нұржан Әлтаев, «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:


Бұл платформаның бизнесмендер үшін пайдасы мол. Қажетті сервистерге қол жеткізе отырып, маркетинг, сатылым жүйесін біржақты қылып, тасымал мәселесін шеше алады. Яғни кәсіпкерлікті дамыту үшін барлық қажеттіні бір жерден алуға болады. "Амазон" компаниясы, мысалы, бір жылда экожүйені қызмет ретінде ұсына отырып, 3 млрд доллар пайда табады.

Жиынға қатысқан бизнес өкілдері мұндай идеяны қарапайым нарыққа барынша қажетті және қолжетімді қылып жасау керек деп отыр. Әсіресе, ауылда кәсібін өрге домалатқысы келетіндер үшін бұл біліктілігін көтеріп, білімін толықтыратын плаформаға айналуы қажет.

Медер Аматов, бизнес өкілі:

Ауыл халқы үшін мол мүмкіндіктің бар екенін көрсету керек. Шынымды айтайын, кей адамдар тіпті қарапайым, гугл, ютубқа кіріп, бизнес идеялар деп қарай алмайды. Ал егер оларға дайын нұсқаларды осы платформада ұсынса ше? Ең бастысы, нарыққа қажетті қылып жасақтау. Ал жүйе соның негізінде жұмыс істеу керек. Бұл тек кабинетте отырып алып жасалынса, іске асуы екіталай.

Ақпараттық кеңістікті дамыту мәселесі «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасында көрсетілген бағыттардың қатарында. Сондықтан аталған идеяны іске асыруда заңдық талаптарды да естен шағармау керек,-деді партия хатшысы Наталья Годунова. Электронды сауда шығынды азайтып, бәсекені арттырары сөзсіз. Бірақ, құқықтық талаптар ескерілуі тиіс.

Наталья Годунова, «Нұр Отан» партиясының хатшысы:

Электронды бизнесті дамыту үшін тағы қандай заңнамалық нормалар керек деген сұрақты қарастыру керек. Республикалық кәсіпкерлікті қолдау кеңесінің құрамында Парламент депутаттары бар. Бұл адамдар заңнамаға толықтырулар енгізуге үлесін тигізе алады. Ал проблема мен сұрақтар көп. Кибер шабуылдан қорғау, тұтынушылардың тауарды банктік карта арқылы төлеудегі сақтық шаралары, Интернет дүкендердің қызметі. Сондықтан бұл жүйеге қатысты мемлекеттік органдар, институттар өз ұсыныстарын алға тартсын.