Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Биыл 185 мың түлек бітіреді

AstanaTV
18.04.2024ж. 20:00
283
Биыл 185 мың түлек бітіреді

Оқу жылының аяқталуына бір айдай ғана уақыт қалды. Биыл 185 мың түлек бітіреді. Наурыз айында өткен Ұлттық бірыңғай тестілеуге 117 мың оқушы қатысқан. Сынақ басталғалы шекті баллды талапкерлердің 75 пайызы жинап, орташа балл 69 болды. Оқушылар тестке қалай дайындалып жатыр? Тілшіміз тарқатады.

Индира 11 сыныпта оқиды. Жақында тест тапсыратын болған соң бар уақыты дайындықпен өтеді. Уақытымен бірге қаржысын да жұмсауына тура келеді. Өйткені ақылы білім орталығында дайындалып жүр.

Индира АҒАБЕК, 11-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:

Қаңтар ұбт-сында өзім ойлаған баллды жинадым, бірақ одан да жоғары балл жинауым керек болды. Сол себептен осындай білім беру орталықтарын таңдадым. Ата-анам өзі айтты осындай оқу орталықтарына барып көр деген сияқты.

2017 жылы Білім және ғылым министрлігі “Мектеп Ұлттық бірыңғай тестілеуге жауап бермейді” деген бұйрық шығарды. Сол арқылы мектептер бұл жүктен босады. Қоғам белсендісі Аятжан Ахметжанұлы осы заңды қайта қарап, мектептерге жауапкершілік арту керек дейді.

Аяжан АХМЕТЖАНҰЛЫ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:

Бұл трагедия деп ойлаймын. Себебі мектеп егер Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне жауап бермесе, жалпы мектеп білім сапасына жауап бермесе, мемлекет 11 жыл білім беруге не үшін бюджет бөліп отыр, егер ата-ана ақылы түрде оқуға дайындалатын болса.

Дегенмен, ұстаздар қарап отырған жоқ. Жақсы оқып жүрген бала тесттен өте алмаса мұғалімге сын, сол үшін де шәкірттің дайындығы мен нәтижесіне олар да көңіл бөледі.

Нұрбек ЕРІКҰЛЫ, МҰҒАЛІМ:

Бізде қазір математикадан, физикадан, химия секілді пәндерден өзіміздің мектепте дайындайды. Ол барлық балалар тек орталыққа барып, тек сол жерден үйреніп жатыр деген сөз емес. Яғни мектепте де өздігінен, өз дәрежесінде жәрдем көрсетеді.

Десе де арнайы оқыту орталықтарына баратын оқушы көп. Себебі онда оқытушымен жеке дайындалуға мүмкіндік бар.

Айжан ТҰЯҚОВА, БІЛІМ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Жеке-жеке баланың психологиялық көңіліне байланысты жұмыс жүргіземіз.Менің өзімнің әдіс-тәсілім балаға түсіндіру жолымен. Яғни сұрақ тұра ма, сұрақтың ішінен жауап таба алу керек оқушы сұрақтың мәтіні өзгергенімен, жауап таба алатын дәрежеде болады.

Баланың жеке дайындалғаны әрине, жақсы, бірақ оның ақысын өтейтін қаражат бәрінде бірдей бола бермейді.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Жеке ол қаржы шығарып дайындалғаннан гөрі, барлық дайындықты сол мектепте өткен дұрыс + мектепте дайындалған дұрыс деп есептеймін қосымша мұғалімдерді жалдап, қосымша уақыт бөліп болса да…
- Мектептен вообще оқыту керек қой, дайындау керек қой. Себебі өздерінің оқушылары. Мұғалімдер дайындау керек деп ойлаймын.

40 жылдық тәжірибесі бар ұстаздың өзі 40 минуттық сабағына мұқият дайындалуы керек. Сол кезде ғана оқушылардың білім деңгейі арта түсетіні анық.