Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Қазақстан мен Қырғызстан Одақтастық қатынастарды нығайту және кеңейту туралы тарихи келісімге келді

19.04.2024ж. 20:00
223
Қазақстан мен Қырғызстан Одақтастық қатынастарды нығайту және кеңейту туралы тарихи келісімге келді

Қазақстан мен Қырғызстан Одақтастық қатынастарды нығайту және кеңейту туралы тарихи келісімге келді. Маңызды құжатқа Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың Ақордадағы кездесуі барысында қол қойылды. Екі ел басшылары шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізіп, сан алуан салалардағы өзара ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Бауырлас ел Президентінің Қазақстанға жасаған ресми сапары несімен есте қалды? Тілшіміз тарқатсын.

Қасым -Жомарт Тоқаев мәртебелі қонақты Ақордада салтанатты түрде қарсы алды. Екі ел басшысы бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт беріп, кейін екі елдің әнұрандары шырқалды.

Бұл сапардың екі тарап үшін де мән-маңызы айрықша екені сөзсіз. Айыр қалпақты ағайындармен саяси - экономикалық, тарихи-мәдени байланысымыз қашан да берік болған. Бүгінде Қазақстан Қырғызстанның жетекші сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің біріне айналды.

2023 жылы өзара тауар айналымы 1,5 миллиард долларға жетті, яғни, 26 пайызға өсті. Мұндағы қазақстандық экспорттың үлесі - 69%. Жалпы сомасы - 1,1 млрд. доллар. Өсім - 35,8%. Ал көршілес елден келген импорт 9%-ке өскен. Яғни, 495,2 миллион доллар.

 Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен бұл сапарға ерекше мән беріп отырмын. Қырғызстан біз үшін бауырлас ел, маңызды әрі сенімді серіктес. Халықтарымыздың мызғымас достығы, ортақ тарихқа және рухани құндылықтарға негізделген. Осындай бастауы бар қазақ-қырғыз қарым-қатынасы стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатыр.

Тараптар көлік-логистикалық, су-энергетикалық және агроөнеркәсіп секторындағы мүмкіндіктерді талқылады. Бірлескен кәсіпорындар ашып, ғылыми-зерттеу институттары арасында байланыс орнату қажет деген тоқтамға келді. Осы орайда екі елдің Үкіметіне Жол картасын қабылдауды тапсырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бірлескен кәсіпорындар тиімді жұмыс істеу үшін қолайлы жағдай жасауға келістік. Осы орайда бүгін Өзара инвестицияларды қорғау жөнінде келісімге қол қойылды. Оған өздеріңіз куә болдыңыздар. Сондай-ақ электронды үкімет жүйесін енгізуге және дамытуға уағдаластық.

Сондай-ақ Президент Қазақстан мен Қырғызстан арасында су энергетика саласындағы қарым-қатынасты үйлестіру маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Соңғы жылдары трансшекаралық су ресурстарын тиімді әрі әділ пайдаланудың өзектілігі арта түсті. Осы орайда өзара үйлесімді жұмысты жалғастырамыз деп келістік. Бұл бағыттағы түйіткелдерді тезірек шешу үшін бірлескен шаралар қабылдау қажет. Сондықтан мемлекетаралық су шаруашылығы құрылымдарының жұмыс кестесін жақын арада бекітуге және оны уақытылы орындауға уағдаластық.

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров өз кезегінде Қазақстанмен екіжақты байланыстарды тереңдетуге бағытталған сыртқы саясат жүргізіп отырғанын жеткізді. «Бір-бірімізді қолдап, барлық мәселені бірлесіп шешуіміз қажет»,-деді. Айта кету керек, Қырғызстан - еліміздегі су тасқынымен күреске атсалысып, гуманитарлық көмек жіберген бірден-бір мемлекет.

Садыр ЖАПАРОВ, ҚЫРҒЫЗСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлымен бірге саяси-экономикалық, инвестициялық мәселелерді кеңінен талқыладық. Аймақтағы су-энергетика ресурстарын бірлесе тиімді пайдалану мәселелерін де қарастырдық. Біз бауырлас қазақ халқына су тасқыны салдарынан туындаған қиын кезде қолдан келген көмекті беруге дайынбыз. Екі елді ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достық, бауырластық, тату көршілік байланыстар, сондай-ақ ортақ мәдени, рухани және діни құндылықтар біріктіреді.

Бүгінде қазақ-қырғыз шекарасындағы жүк өткізу мүмкіндігін арттыру үшін нақты шаралар қабылданып жатыр. Еліміз «Қарасу», «Бесағаш», «Аухатты» сынды бірқатар бекетті жаңғыртуға кірісті. Олардың бәріне 2028 жылға дейін цифрлық технология енгізілмек.

Данияр ЭРКИНБЕКОВ, ҚЫРҒЫЗ РЕСПУБЛИКАСЫ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРЛІГІНІҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

Біздің ынтымақтастығымыз электрондық коммерция бағытында да нығаятын болады. Бұл саладан үлкен үміт күтеміз. Қазір цифрландыру ғасыры деп айтуға болады. Біздің барлық өзара іс-әрекеттеріміз цифрландырумен тікелей байланысты. Оның ішінде екі ел арасындағы онлайн сауда-саттықты, кедендік декларацияны да атап өтуге болады.

Сарапшылар Одақтастық қатынастарды нығайту және кеңейту туралы шарт көршілес мемлекеттер байланысын одан әрі дамытуға жол ашады деп сенеді.

Бауыржан АУКЕН, ҚСЗИ АЗИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР БӨЛІМІНІҢ САРАПШЫСЫ:

Одақтастық туралы келісімшарт екі елдің бір-біріне қарама-қайшы саясат ұстануына мүмкіндік бермейді. Яғни, бірлесіп бір-бірінің ұлттық мүдделеріне орай достастық тұрғысынан жүргізілетін саясат. Барлық салалардағы қарым-қатынасты жиілетеді, одан әрі тереңдетеді, кездесулер көбірек болады.

Мемлекет басшысы ежелден еншісі бір, тамырлас туысымыз Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровқа I дәрежелі «Достық» орденін табыс етті.

Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесі алтыншы отырысының қорытындысы бойынша 7 маңызды құжатқа қол қойылды. Тараптар алдағы уақытта қазақ-қырғыз қарым-қатынасын жаңа белеске көтеруге уағдаласты.