Алматыда
Универсиада ойындарының алғашқы медальдары сарапқа салынды. Керлинг, шайбалы
хоккей, тау шаңғысынан спорттық сайыстар өтуде. «Табаған» спорт кешенінде
фристайлдан ерлер мен әйелдер арасындағы жеңімпаздар анықталды. Қазақ қыздары
күміс пен қоладан алқа тағынды. Ал шаңғымен қашықтыққа жарысудан ұлттық құрама
алғашқы жүлдені қоржынға салды. Халықаралық студенттер ойынының ресми ашылу
салтанатына ел Президенті қатысты.
Халықаралық
дәрежедегі спорттық ойындардың қонақтарын қабылдаған «Алматы Арена» кешенінде
ине шаншар орын жоқ. Сағат 18-55-те құрметті меймандарға арналған алаңға Елбасы
мен FISU Президенті Олег Матыцин көтерілді. Салтанатты шараның шымылдығын
тарихи-этникалық ерекшеліктерімізді көрсететін көрініс қатысушылары түрді. Бұл
шеру ұлттық рух пен қазақтың салт дәстүрін паш еткен ерекше элементтерге
құрылған.
Нұрсұлтан
Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Универсиада
алауы әрбір спортшы мен жанкүйердің, біздің елдеріміздің барша азаматтарының
жүрегіне жағылған достықтың шырағы болсын! Адал сайыста тек жүзден жүйрік,
мыңнан тұлпарлардың ғана мерейі үстем болсын! Баптарыңыз келісіп, бақтарыңыз
шапсын! Әлем көз тіккен айтулы спорт мерекесі құтты болсын!
57
мемлекеттен келген спортшыларды таныстыру рәсімінде Қазақстан құрамасын шаңғышы
Дәулет Рахымбаев бастап шықты. Осы сәтте кешенге жиналған қалың көрермен
орындарынан тік тұрып отандастарымызға құрмет көрсетті.
Қытайдағы
«Мен әншімін» жобасына қатысып жатқан жерлесіміз Димаш Құдайбергенді көпшілік
тағатсыздана күткен еді. Жас жұлдыз опера әншісі Зарина Алтынбаевамен бірге
заманауи өңделген итальян ариясын орындады. Қайрат Нұртас, Әйгерім Қалаубаев
мен Ерболат Құдайбергеновтер «Универсиада» әнұранын шырқады. 3 сағатқа жуық
уақытқа созылған салатантты қойылым
отандық мамандар күшімен жасалғанын айта кету керек. Шараның ұйымдастырылуына
ФИСУ мамандары оң бағасын берді.
Олег
Матыцин, Халықаралық студенттік спорт федерациясының президенті:
ФИСУ
атынан Қазақстан Президенті мен халқына, осы Универсиадаға ат салысып жатқан
барлық азаматтарға алғыс айтқым келеді. Салтанатты ашылу рәсімі сіздердің
қажырлы еңбектеріңіздің арқасында жоғары дәрежеде ұйымдастырылған.
Универсиададан қалған мұра Алматыға ұзақ жыл бойы қызмет ететін болады.
Артем
Огородников, хоккейден Латвия құрамасының мүшесі:
Маған
қатты ұнады. Бұрын да осындай шараға қатысқанмын. Бірақ мынадай шоуды көрмедім.
Менің атам Өскеменде туып, Алматыда білім алған. Қала ерекше ұнады, спорттық
ойындарға да дайынбыз.
Алғашқы
жарыс күні біздің спортшылар үшін табыспен басталды. Шаңғыдан қыздар арасындағы
5 шақырымдық жүгіруден Анна Шевченко алғашқы жүлдені қоржынға салды. Табағанда
Жанбота Алдабергенова мен Жібек Арапбаева Универсиаданың екі медалін жеңіп
алды. Бірі фристайл-акробатикадан күміс, екіншісі қола медаль иемденді.
Жібек
Арапбаева, 28-ші универсиаданың күміс жүлдегері:
Жақында
жарақат алғам. Аяғымда лангетка болды, костыльмен жүрдім. Ең бастысы, үштікке
кірсем ғой деген арман еді мен үшін. Басында, әрине, дайындалып жүрген кезде
бас жүлдеге мақсат қойып жүрген едім.
Алғашқы
күннің қортындысы бойынша Қазақстан жүлделер саны жағынан 5-ші орынға
тұрақтады. Бірінші орында 4 алтын, 4 күміспен Ресей құрамасы. Екінші орынға
Қытай, ал үшінші және төртінші орындарға Польша мен Италия жайғасты.
Ришат
АСҚАРБЕКҰЛЫ