«БТА
Банкі» басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетов Мұхтар
Әбіләзовтің қылмысына қатысым жоқ дейді. Ол тергеу ісіне көмек көрсетуге
ниетті. Қашқын банкирдің серігі Түркия әуежайында ұсталып, Қазақстанға
жеткізілген.
Жарымбетовтың
айтуынша, «ешқандай зорлық-зомбылық пен қысым жасалмаған». Сондай-ақ ол кейбір
үкіметтік емес ұйым өкілдері мен Әбіләзовтің сыбайластары таратқан
«Жарымбетовтің өміріне қауіп төніп тұр» деген сөздер шындыққа жанаспайтынын
айтты. "Әбіләзовпен бірге жұмыс істегенім болмаса, ол жасаған қылмыстық
іске қатысым жоқ" деді. Қазір ол ешқайда шықпау туралы қолхатпен босап
шыққан.
Айта кетейік, бір кездері «БТА Банкті» басқарған Әбіләзовтың орынбасары
болған Жақсылық Жарымбетовке 2009 жылы ақша жымқыру және алаяқтық бойынша айып
тағылды. Ол сегіз жыл бойы Еуропада қашып жүрген.
Жақсылық
Жарымбетов:
Мен
қашудан шаршадым. Үш күнде адам тозаққа да үйренеді дейді ғой. Лондонда болдым.
Онда саяси статусым болды. Басында Әбіләзов көмектесті. Өзімнің де жинаған ақшам
бар еді. Менің қашып кету себебім - үлкен қорқыныш болды. Мен ешқашан саясатпен
айналысқан емеспін. Әбіләзовтің билікшіл болғанына мен кінәлі емеспін ғой. Ол
қарамағындағыларға тек құрал ретінде қарады. Мен қазаққа жақын адаммын. Ал
Әбіләзов космополит деп айтар едім.