Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Дональд Трамптың жарлығы мұсылман елдерінде дау тудырды

AstanaTV
30.01.2017ж. 20:00
2098
Дональд Трамптың жарлығы мұсылман елдерінде дау тудырды

АҚШ президентінің бірқатар елдерге виза беруді уақытша шектеу туралы жарлығы көптеген мемлекеттердің наразылығын туғызды. Американың өзінде үшінші күн қатарынан шерулер ұйымдастырылып жатыр. Дональд Трамп мұсылман елдерінен келген азаматтардың АҚШ-қа кіруін уақытша тоқтату, қауіпсіздік мақсатында қабылданған шара деп түсіндірді.

Таң сәріден Тегеранда жұрт дүрлігіп жатыр. Америкадан жеткен жаңалықты ел жарыса талқылап, Дональд Трамптың дау тудырған шешімін сынға алуда. Жаңа заңға сәйкес 28-ші қаңтардан бастап: Иран, Ирак, Ливия, Сирия, Судан және Сомали азаматтарына 90 күн бойы Құрама Штаттарға кіруге тыйым салынған. Тіпті елде тұруға уақытша рұқсаты бар азаматтарды да жібермей жатыр.

Ахмад Каббазиян, кәсіпкер:

Менің ұлым Америкада Ph.D. академиялық дәрежесін алуы керек еді. Қаншама күшіміз бен ақшамызды жұмсадық. Ал қазір болашағы бұлыңғыр болып тұр.

Миграциялық қызметтер заң күшіне енген күннен бастап оның орындалуын бақылауға алды. Нәтижесінде екі жүзге жуық адам кері қайтарылған. Трамптың бұл шешіміне АҚШ азаматтары да наразылық білдіруде.

Уилл Тернер:

Босқындардың елге кіруіне тиым салу, ислам дініне тосқауыл болу - бұл біздің елге тән емес. Америка - иммигранттар елі. Біздің мемлекет барлық діндер мен өзге елдерді құрметтейді.

Трамптың өзі, бұл шешімді мұсылмандарға қарсы әрекет, деп санамайтынын жеткізді. Айтуынша, қауіпсіздік үшін осындай қадамға баруға тура келген.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Бұл мұсылман дініне қарсы бастама емес. Тек терроризммен күрес. Қазір әуежайларда қандай жағдайлар болып жатқанын өздеріңіз біліп отырсыздар. Сондықтан мемлекет қауіпсіздігі өте маңызды.

Ақ үйдің жаңа басшысы қабылдаған заң әлемдік қауымдастықты қатты алаңдатып отыр. Мәселен, Британия премьері Тереза Мэй, Лондон мэрі Садик Хан, сондай-ақ Германия канцлері Ангела Меркель де мұндай шешімді құптамайтынын жеткізді. Ал Иран сыртқы істер министрі, бұл жарлықты «экстремистерге сыйлық», деп хабарлады. Халықаралық құқық қорғаушылар да осындай пікірде.

Абдель Рашид Аль Факих, адам құқығы жөніндегі қауымдастық басшысы:

Трамптың жарлығынан кейін террористік ұйымдардың Америкаға деген өшпенділігі еселене түседі деп ойлаймын.

Далада қалған босқындарды Канада уақытша қабылдауға дайын екенін мәлімдеді. Осылайша Трамптың жаңа жарлығы мыңдаған адамның жоспарына өзгеріс әкелді. Бір қызығы 11-ші қыркүйектегі терактіге қатысы бар делінген Сауд Арабиясы мен Катар бұл тізімге кірмеген.      

Елдос САПАРҒАЛИ