Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Телефондардың ИМЕИ-кодын тіркеу қаншалықты қажет?

AstanaTV
30.01.2017ж. 20:00
4761
Телефондардың ИМЕИ-кодын тіркеу қаншалықты қажет?

Уақытша тіркеудің жыры басылар басылмас, тағы бір тіркеу түрі шықты. Енді ұялы телефондардың ИМЕИ-кодын тіркеуді міндеттеу мәселесі қаралып жатыр. Мамандар бұл қауіпсіздік үшін қажет дейді. Ал кей өңірлерде баланың мектепке телефонмен баруына мүлде тиым салынған. Бұл оқушының зейіні артуына сеп болмақ, әрі жеткіншекті қылмыскердің жәбірленуінен сақтау үшін қажет көрінеді.

Айбек Қосан, тілші:

Тараз қаласының балалары мынадай смартфондарын үйлеріне қалдырып, қуат көзі апталап таусылмайтын батырмасы бар, тек сөйлесуге арналған қарапайым телефонға көшкен. Бұл бастама алдымен қауіпсіздікке қажет дейді прокуратура өкілдері.


Қайыржан Қуатбеков, Тараз қаласы прокурорының орынбасары:

Тыйым салуымыздың басты себебі - балалардың қауіпсіздігі. Статистика бойынша елімізде қалта телефонын ұрлау көрсеткіші 10 есе өскен. Және қылмыскер оны күш көрсете отырып алуы мүмкін.

Тараздағы №1 мектеп-гимназияның қымбат байланыс құралынан бас тартқандарына 3 жыл болған. Алғаш ұсыныс басталғанда ата-аналардан бастап, қалалық, облыстық білім басқармалары да мақұлдаған.

Жанна Мадимарова, Тараз қаласы, №1 мектеп-гимназиясы директорының орынбасары:

Оқу ғимаратында балалар алдымен оқуы керек. Қымбат смартфондардан бас тарту білім деңгейінің өсуіне ықпалын тигізді. Сондықтан бұл шараның пайдасы мол. Балаларды жан-жақты қамтуға тырысамыз, үзілісте телефонға үңілетін уақыттары жоқ. 

Қызылордада оқушылар мен мұғалімдердің мектепте смартфон қолдануына 2016 жылдан бастап тыйым салыныпты. Жаңа ереже облыстық прокуратураның ұсынысымен енгізілген. Құқық қорғау органдары білім мекемелерінде тіркелетін қылмыстың 65 пайызы телефон ұрлаумен байланысты екенін анықтапты.

Айгүл Өткелбаева, Қызылорда қаласы, мұрагер мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:


Оқушылардың тарапынан бірінші кезде түсінбестіктер болды енді. Сабақ кезінде алып келіп, неге тыйым салып жатырсыңдар дегендей сұрақтар туындады. Бірақ қазіргі кезде сынып жетекшілерінің жұмысының нәтижесінде, мектеп әкімшілігінің жұмысының нәтижесінде осындай бір жолға қойылды деп айтуға болады.

Ал өскемендік ата аналар оқушыларға телефонның пайдасы мол деген шешімге келген. Жеткіншектер де оның әмбебап құралға айналғанын айтады.

Кирилл Емельянов, 10 сынып оқушысы:

Бұл күнделікті өмірде ыңғайлы. Бар нәрседен бас тартпау керек. Қосымша сабақтар қойылып, сабақ кестесі өзгеріп қалса, мысалы, біз кешке дейін мектепте жүрмейміз ғой. Сол сәтте телефон арқылы айта қояды. 

Қымбат техника жүрген жерде жеңіл ақша тапқысы келетіндер де табылады. Көбіне 12 жасқа дейінгі балалар қылмыскерлерден жәбір көреді. Жақында осындай жағдай Өскеменде тіркелді. Балаларға жәбір көрсетіп қымбат смартфондарды иемденбек болған азамат қолға түскен.

Әсел Амренова, Өскемен қаласы ІІБ баспасөз хатшысы:

Қазір күдіктілер ұсталды. Сонымен қатар олародың осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бары тексерілуде.


Телефон ұрлау фактісі Астана қаласында да азаймаған. Көбіне қоғамдық орындарда өзін жайлы сезінетін қылмыскерлер жыл басталмай жатып статистиканы жаңалап үлгерді.

Софья Қылышбекова, Астана қаласы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

2017 жылдан бері 200-ге жуық осы ұялы телефонды ұрлау факт дерегі тіркелген. Оның 40 пайызы ашылды деуге болады. Азаматтарға айтарымыз - өз мүліктеріне сақ болу.

Айбек Қосан, тілші:

Қауіпсіздікті арттыру үшін телефонның ИМЕИ-кодын тіркеу мәселесі қазір қарастырылып жатыр. Кей мәліметтерге сай, бұл жолы тұрғылықты мекен-жай бойынша тіркеу сияқты кезек болмайды, халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып жасалмақ.