Астана қаласындағы №9 емхананың учаскелік дәрігері Жандана Қарғашова медицина саласындағы мемлекеттік қолдау, дәрігерлердің кәсіби мүмкіндіктері және учаскелік дәрігерлердің жалақысын 40 пайызға арттыру жөніндегі Президент тапсырмасының маңызы туралы Astana TV телеарнасының «Істің адамы» бағдарламасында әңгімеледі.
2014 жылдан бері учаскелік дәрігер болып жұмыс істеймін. Бірінші санатты дәрігермін. Әр науқас алдымен жалпы тәжірибелік дәрігерге келеді. Күнделікті 25-30 науқас қабылдаймыз, деді Жандана Қарғашова.
Ақ халатты маман Мемлекет басшысының өз жолдауында алғашқы медициналық-санитарлық көмекті жаңғырту ісіне ерекше көңіл бөліп, жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттілігін кеңейтуге пәрмен бергені жөнінде өз пікірін ортаға салды.
Жалпы тәжірибедегі дәрігерлер кішкентай баладан, егде жастағы қарияға дейін науқастарды қабылдаймыз. Одан тыс профилактикалық шаралар жүргіземіз. Скрининг жұмыстары тағы бар. Патронаж жұмыстарымыз бар. Яғни, үйлеріне барып қараймыз.
Президент Үкіметке еңбек өтіліне қарай учаскелік дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңімен 40 %-ға дейін көтеруді тапсырды. Бұл 77 мыңнан астам маманның табысын өсіруге мүмкіндік бермек.
- Бұл - біз үшін үлкен қолдау. Жұмысқа деген жауапкершілігімізді арттырып, дәрігердің бір учаскеде тұрақтылығын ынталандыратын жолдау.
Мемлекет басшысы алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту арқылы халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру қажеттігін атап өтті. Бұл бағытта жалпы тәжірибелік дәрігерлердің құзыретін кеңейту, олардың кәсіби әлеуетін тиімді пайдалану және медициналық көмектің бастапқы буынын күшейту маңызды. Себебі халықтың денсаулығын сақтауда учаскелік дәрігерлердің рөлі айрықша.