Ауылға бес жыл жұмыс істеуге барған дәрігерлерге 8 жарым млн теңге бір реттік көмек беріледі. Сондай-ақ балаларын балабақшаға орналастыру да оңайырақ болмақ. Ақ халаттылар алдағы уақытта қағазбастылықтан да арылады. Жалпы, медицина мамандарының мәртебесін арттыруға көп көңіл бөлінеді. Тақырыпты тілшіміз жалғастырады.
Дәрігерлер артық есеп беруден босатылады. Мамандардың айтуынша, медицина қызметкерлері денсаулық сақтау басқармаларына, аумақтық департаменттерге күнделікті беретін есебінен тыс ақпарат беруге міндетті емес.
Серікболсын ТЕМІРХАНОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ ЗАҢ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Алдағы уақытта медицина қызметкерлерінен өзінің атқарып отырған жұмысынан тыс қосымша ақпараттар сұратылмайтын болады. Яғни, ол бір жағынан өзінің жұмысын атқарады, кедергі келтірмейді атқаруға. Екінші жағынан бюрократиялықтан арылуға бағытталған шара деп есептеуге болады.
Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерін қолдауға бағытталған заңға қол қойды. Онда дәрігерлер кәсіби қызметіне заңсыз араласудан және кедергі келтіруден қорғалатыны айтылған. Оған қоса, дәрігерге құрметпен қарау, медициналық мамандығы бойынша әскери қызметін өткеру немесе әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру құқығы берілді. Сондай-ақ аса тапшы мамандықты меңгерген медицина қызметкерлері ауылдық жерге кемінде 5 жыл жұмыс істеуге келген жағдайда, оған ең төменгі жалақының 100 еселенген мөлшерінде, яғни 8 жарым млн теңге бірреттік төлем беріледі. Мамандар енді ауылдық жердегі дәрігер тапшылығы азайтатынына сенімді.
Алмагүл ҚАУЫШЕВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ АДАМИ РЕСУРСТАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Қазір мамандар алыс ауылдарға барғысы келмейді. Бұл жасырын емес. Жас мамандар елдімекендерге барғанымен онда ұзақ жұмыс істемейді. Қолданысқа енетін заң аясында медицина қызметкерлеріне біраз жеңілдіктер, мүмкіндіктер қарастырылған. Мамандар ауылға барып қана қоймай, сонда қалуы үшін барлық жағдай жасалатын болады.
Заңда сондай-ақ, дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі енгізіледі. Жаңа жүйе дәрігерлердің қаржылық тәуелсіздігін қамтамасыз етеді, дейді мамандар.
Қанат ТӨСЕКБАЕВ, №8 ЕМХАНАНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:
Шала жұмыс істеген болса немесе адам денсаулығына қауіп қатер төндіретін болса, онда бүгінгі таңда дәрігер соттың шешімнің аясында өз қалтасынан төлейтін болса ақшаны, мұнда сақтандыру жүйесі арқылы сақтандыру компаниясы төленіп, жабылып отырады.
Медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру бағытында атқарылып жатқан шаралар аз емес. Алдағы уақытта саладағы мықты мамандарға «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы да беріледі.