$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматыда қарағайлы орманға 1000-нан аса ағаш егілді

Алматыда қарағайлы орманға 1000-нан аса ағаш егілді

Алматыда жалпы аумағы 63 гектар қарағайлы орманға 1000-нан аса ағаш егілді. «Алматы – бақша қаласы» акциясы аясында өткен бұл шараға көпшілік бір кісідей атсалысты. Олардың ішінде қазақ өнерінің жұлдыздары да бар.

Қарағайлы орманға Алматы әкімінен бастап, қала тұрғындары, қоғам қайраткерлері мен эко-белсенділер және қала жастары 500 алма мен 500 өрік көшетін екті.

Азамат ҚАЛДЫБЕКОВ, АЛАТАУ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бұл ағаштардың бәріне тамшылау арқылы су жеткізілетін болады. Ол жұмыстардың барлығын келе жатқан мамыр айында бастаймыз. Бізге ағаш берсеңіздер, біз өзіміздің аулаларымызда ағаш отырғызсақ. Өзіміз қараймыз, өзіміз суғарамыз деген өте көп белсенділер шығып жатыр. Бәріне алғыс айтқым келеді.

Айта кету керек, науқанда негізгі күш қала жастарына түсті. Өз еркімен мегаполисті көркейтуге үлес қосамыз деп келгендер саны 600-ден асқан.

Мейіржан КЕЛЕМЕДЕНОВ, БЕЛСЕНДІ:

Бүгін біз «Алматы – біздің ортақ үйіміз» компаниясы аясында «Алматы – бақ қала» акциясына қатысып жатырмыз. Ең қызығы жастардың барлығы іс-шараға, ағаш отырғызуға өздері қатысуға ниет білдірді. Өйткені біз ватсаптағы чаттарға рассылка жібердік, «осындай іс-шара өтеді, кім қатысады?» дегенде, өздеріңіз көріп тұрғандарыңыздай 600-ге жуық жастардың басын қосып, осы біздің акцияға қатысып жатырмыз.

8 сәуірде басталған бұл науқанда жастардың өзі 1000-нан аса қала әсемдігін арттыру жұмыстарын жүргізді. Бұл біз үшін абыройлы міндет, болашаққа салынған инвестиция дейді олар.

Арман АЛТЫНБЕК, ҚАЗҰУ СТУДЕНТІ:

Біз дәл қазір алма ағашын 10-15 шақты ектік. Және ҚазҰУ студенттері арасынан 200 студент келіп, бүгін ұстаздарымызбен атсалысып жатырмыз. Және бұл акцияның ең ұтымды жері, яғни «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейді. Бүгінгі күні жемісін бермесе де, кейінгі ұрпағымызға жемісі мен көлеңкесін берері толық анық.

Бұл қарағайлы ормандағы ағаш егу науқанымен бір уақытта «ALA» саябағы мен Боралдай өзенінің маңына да көшеттер егілді. Жалпы «Таза Қазақстан» республикалық акциясы мен «Алматы – біздің ортақ үйіміз» қалалық науқаны аясында 8205 жасыл-желек, оның ішінде 4515 жеміс, 1090 жапырақты ағаш пен 2600 бұта егілген.