$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Жарақат алған жауынгердің анасы жергілікті әкімдікті сотқа сүйремек

AstanaTV
01.02.2017ж. 20:00
2567
Жарақат алған жауынгердің анасы жергілікті әкімдікті сотқа сүйремек

Жамбылда жергілікті әскери бөлімде борышын өтеген жауынгердің анасы әкімдік өкілдерін сотқа сүйремек. Алты ай бойы ем қабылдауы тиіс ұлымды осындай жағдайға жеткізген жауаптылар жазалансын, - дейді зар жылаған ана. «Сап-сау перзентім мүгедек болып қала ма» деген қорқынышы да жоқ емес. "Уәде етілген көмекті көрсетпеді" деп атқамінерлерді айыптайды. «Ұлттық Ұланның» 55\13 әскери бөлімінің сарбазы Юрий Дылюк қарақұсына тиген қатты соққыдан әскери госпитальде жатыр. Данияр Әлімқұл тақырыпты толықтырады.

Юрий Дылюк Таразда тәуелсіздік мерекесі тойланып жатқанда басынан ауыр жарақат алған. Оқиға 16 желтоқсанда осы орталық «Достық» алаңында болған еді. «Ұлттық Ұлан» құрамында мерекелік концерт барысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қойылған Юрийді басына концертке арналып жасалған декорациясы құлаған. Көлемі 6 метрлік алып баннердің астында қалған сарбаз 17 сағаттан соң есін ауруханада жиған еді.

Дүлей дауыл кезінде Дылюкпен қатар, оның қасында тұрған әскери әріптесі Аман Әженовті де баннер басып қалған. Жапа шеккендер қатарында тағы бір қала тұрғыны да бар. Қазір сол оқиғаны сарбаздар қорқынышпен еске алады.

Юрий Дылюк, «Ұлттық Ұланның» 5513 әскери бөлімінің сарбазы:

Сарбаздар қатарында қоршау құрып тұрғанымды, солармен сөйлескенімді ғана білемін. Ары қарай не болғаны есімде жоқ. Басым әлсін-әлсін ауырады. Менің әскери борышым аяқталды. Ал, келісімшартпен жарты жылдан астам уақыт жұмыс істей алмаймын. Сондықтан үйге барып емделу ғана қалды.

Дәрігерлер Юрийге "миы шайқалған әрі артқы мишығына қан кеткен" деген диагноз қойды. Балам аяғынан тұрып кете ме, жоқ па, деп алаңдаған анасының Ақмола облысынан келіп Таразда тұрып жатқанына бір жарым ай уақыт өтті. Ұлы әлі де алты айлық ем курсы бар. «20 жастағы балам борышын өтеген әскери бөлімге уәжім жоқ. Тек, қол ұшын созуды аямаймыз деген атқамінерлер алдап соқты» деп ашынады.

Любовь Марьясова, сарбаздың анасы:

Әскери дәрігерлік комиссия қорытындысы 3-4 күнде белгілі болады. Қалай болғанда да, дәрі-дәрмегіне қаражат өз қалтамнан шығады. Әкімшілік болса, бәріне соңына дейін көмектесем деп, уәде еткен. Тіпті, жатып-тұруыма дейін. Концертті ұйымдастыру салғырттықтары үшін де сотқа сүйреймін. Өйткені онда мердігерлер болды. Тапсырыс алушы мен берушінің бірі өз мойынына алсын емдеуді. Өтемақы берсін.

Баласының жағдайы бір жақты болғанша Таразда тұра тұруды шешкен шешесі жалдап жатқан пәтерге шаш етектен шығын шығарған. Болған оқиғадан бері баспана үшін тәулігіне 4 мың теңге төлеп келеді. Ал, алты ай бойы ауруынан айыққанша ақшамен қамтамасыз ету жағын ойласам, түнімен ұйықтай алмаймын дейді. Ақ жағалылар болса, алғашқыда 20 күн пәтер ақысына көмек көрсетіпті.

Кенжебек Олжабай, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:

Табиғаттың несі, біз оған қалай жауап бере аламыз?! Мердігер деген сол, осы алаңды әрлейтін. Қазір іс қозғалды. Солар анықтайды кім қаншалықты кінәлі екенін.  Олар Қорғаныс министріне жібереді. Сол жақтан анықтайды. Одан кейін мемлекеттің тарапынан жаңағыдай не болатын болса, барлығын сол жақ шешіп төлейді.

Ал дәрігерлер, алдағы денсаулығы мен әскери қызметке алыну-алынбауына байланысты қандай да бір қорытынды шығаруға ерте, деп отыр.

Бекен Исабек , «Ұлттық Ұланның» 5513 әскери бөлімінің медицина қызметінің бастығы:

Жабық жарақат дейді ғой. Ал, жағдайы орта дәрежелі. Анау ми жағына қан құйылу дейді, олары диагнозға жатпайды. Неге десеңіз, ол сорылып кетеді. Қалдықтары қалмайды. Ең нақты жауабын әкери комиссияның қорытындысынан күтеміз. 

Ұлы жүруге жараған соң, анасы оны Степногорск қаласына алып кетпекші. Ал, оған дейін осындағы әкімдікті сотқа беремін деді. Айта кетейік, орталық алаңдағы оқыс оқиға жас жауынгердің әскери борышын аяқтауына бар-жоғы 6 күн қалғанда болған.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ