Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Эпидахуал бақылауда

30.04.2024ж. 18:50
887
Эпидахуал бақылауда

Топырақ астына тығылған түрлі вирус су бетіне қалқып шықты. Осыдан кейін қауіпті індет алқымнан алмай ма деген қауіп - естіген елдің есін екеуін, түсін төртеу қылып тастады.  Ал жауаптылар алаңдауға негіз жоқ деп, мұқым жұртты сабырға шақырып-ақ жатыр. Біз тілге тиек еткелі жатқан тақырып - осы жайында болмақ.

Санитар мамандар су шайған аумақты жіті тексеріп жатқан көрінеді. Сөздеріне сенсек, қарыс қадам қалдырмай, түгел сүзгіден өткізуге көшкен. Осы күнге дейін 4 мыңға жуық сынама алынған екен. Соларды талдап, таразылап та жатыр. Эвакуациялық орталықтар да назардан тыс қалған жоқ. Сондағы мамандар сәт сайын ауыз су мен тамақ құрамын тексеріп жатыр.

Батыс Қазақстан облысындағы алапат су тасқыны Ақжайық атырабын ғана емес, алты Алашты алаңдатты. Әуелі еріген қардың қызыл суы қинаған өңірді кейін Ресейден жеткен топан су басып қалды. Әйтеуір адам шығыны жоқ. Бірақ суға ағып өлген малдың, ит-мысықтың есебі аз емес. Екі мыңнан асқан.

Нақтырақ 63 жылқы, 353 ірі қара, 1770 қой арам қатты. 116 шошқа мен 119 құс қырылды. Ауру тарамас үшін олардың барлығы дер кезінде өртелді. Артынша арнайы дезинфекция жасалған.

Нұрлыбек МҰСТАЕВ, БҚО САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жіті ішек жұқпасы, мұның ішінде іш сүзегі, вирустық гепатит А, дизентерия секілді ауруларды болдырмау мақсатында күнделікті мониторинг жүргізілуде.

Тасқын кезінде Орал ғана емес, Ақтөбедегі мал қорымдары да су астында қалды.

Өңірде апат кезінде 3 мыңнан астам мал қырылды. Оның ішінде 300 жылқы, 600-ге жуық ірі қара, 2 мың ұсақ мал, 7 түйе бар.

Қазір аймақта өлекселерді жою шаралары жүзеге асып жатыр. Мамандар су тасқыны болған аудандардан судың 3 мыңға жуық сынамасын алған. Нәтижесі көрсеткендей су сапасы қалыпты жағдайда.

Райхан ҚОЙШАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Белгілі сынмалар бойынша дер кезінде жуу, залалсыздандыру жүргізіліп, одан кейін алты сағаттай дезинфекция жасап болғаннан кейін зертханалық тексерістен өтті.

Мамандар тасқынның беті қайтып, жер кеппейінше адам денсаулығына қауіпті жерлерді толық анықтау мүмкін емес, - дейді. Эпидахуал топырақтан сынама алғаннан кейін ғана белгілі болады. 1458 құдық, ұңғыма, орталықтандырылған су ошағы тексерілді. Су сынамалары зертханалық зерттеулерге алынып, нәтижесінде зерттелген сынамалар гигиеналық талаптарға сәйкес келеді.

Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі алаңдауға негіз жоқ, - дейді. Ешқандай ауру тіркелмеген.