$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Рақымшылыққа ілінгендердің алғашқы легі Астанадағы колониядан босап шықты

AstanaTV
02.02.2017ж. 20:00
3214
Рақымшылыққа ілінгендердің алғашқы легі Астанадағы колониядан босап шықты

Рақымшылыққа іліккендердің алғашқы легі Астанадағы қоныс колониясынан бостандыққа шықты. Наурыздың аяғына дейін тап осы мекемедегі 70 сотталушы темір тормен қош айтыспақ. Бірінші ақпандағы дерекке сай, еліміз бойынша 120-ға жуық адам босатылған. Соттарға рақымшылыққа қатысты тоғыз жарым мың материал жіберілді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, бостандыққа шыққандарды жұмыспен қамту үшін тиісті шаралар жасалып жатқанын айтты. Саламат Омаш тақырыпты тарқатады.

Әділет Перназардың мұнда келгеніне көп болған жоқ. Астрахань ауданының тұрғыны Астанада көлікпен келе жатып, жаяу жүргіншілер жолағында адам қағып кетеді. Сот Әділетті осы қоныс колониясына жіберген.Таңнан кешке дейін түрлі қара жұмысқа жегілетін жігіттің жолы болып, рақымшылыққа ілінді. Мұндай жаңалыққа әу баста сенер-сенбесімді білмедім, дейді ол.

Әділет Перназар, сотталушы:

Бір жыл алты ай берген маған мерзім. Мен бес ай отырдым осы жерде. Рақымшылыққа ілігіп, шығып барамын міне. Шықаннан кейін басқа өмір бастаймыз. Жұмыс істеп, бала-шаға құрып. 

Астана қаласы бойынша ең көп рақымшылыққа іліккендер ЕЦ 166/22 қоныс колониясындағы жазасын өтеушілер. Қазір мұнда 106 сотталушы бар. Оның қырық екісінің ісі қаралып қойған. Ал жалпы сотталғандардың жетпіс пайызы үйлеріне мерзімінен бұрын қайтқалы отыр.

Саламат Омаш, тілші:


Рақымшылық барысында осы колониядан жалпы саны 70 адам бостандыққа шығады. Олардың бәрі аса ауыр емес және абайсызда қылмыс жасағандар. Бүгін, мысалы, бес адам бостандыққа шықты. Ал жалпы осындағы рақымшылық шарасы Наурыз айының аяғына дейін жалғасады. 

Рақымшылық аясында бүгінге дейін еліміз бойынша 115 адам бостандыққа шыққан. Түрмеден шыққандардың саны жағынан Қызылорда, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстары алдыңғы қатарда тұр. Сонымен қатар шартты түрде жазасын өтеп, пробация жүйесінде есепте тұрған тағы 132 адам босатылған.

Қазақстанда жалпы саны 36 мыңдай сотталушы болса, рақымшылық шарасы соның 28 мыңдайын қамтыған. 1800 адам бостандыққа шығады деп жоспарланған. Ал тағы 5 мыңға жуығының жазасын өтеу мерзімі қысқаратын болады.

Гүлмайра Мұхтарова, Астана қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің бас маманы:

Астана қаласы бойынша 104 сотталғанға рақымшылық қарастырылады. 29  жаза мерзімін қысқартуға, 75  жазадан босатылады. Аса ауыр емес қылмыстар және орташа қылмыстар толық. Ауыр және аса ауыр қылмыстар жазасын қысқарту қарастырылады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі абақтыдан шыққан зейнет жасындағы қараусыз адамдар мен мүгедектер арнайы интернаттарға орналастырылатынын айтады. Ал баратын жері жоқ, бірақ жұмысқа жарамды азаматтар дағдарыс орталықтарында оқытылады. Әрі қарай оларды жұмысқа тарту мәселесі қаралады. Бостандыққа шыққандардың 80 пайызы пробация қызметінің бақылауында болмақ. «Сонымен қатар, жұмыспен қамту бағдарламасы аясындағы квотадан бөлек тағы бір жоба іске асып жатыр» деді Тамара Дүйсенова.

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

Өткен жылдан бастап ішкі істер министрлігімен үлкен жұмыс бастадық. Жұмыспен қамту орталықтары КУИС-тегілерді қандай мамандық бойынша азаматтар керек деп оқытып жатыр. 39 мамандық бойынша. Шыққаннан кейін соларды жұмыспен қамту мәселесі шешіледі.

Рақымшылық шарасына іліккендер - ауыр емес немесе орташа қылмыс жасағандар, жүкті әйелдер, 18 жасқа толмаған немесе мүгедек баласы бар әйелдер, мүгедектер және жасы 50-ден асқан әйелдер мен 60-тан асқан ерлер.

Бүгінге дейін еліміздегі соттарға рақымшылыққа қатысты 9500 материал түскен. Сотталушыларды босату науқаны 2017 жылдың маусымына дейін жалғасады. Бұл-бір жағынан мемлекеттің қаржысын үнемдеуге септігін тигізбек. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында түрмедегілерге сегіз рет рақымшылық жасалыпты.

Саламат ОМАШ