Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Полицейлерге қатысты тергеу басталды

02.05.2024ж. 20:00
222
Полицейлерге қатысты тергеу басталды

Қарағандыда бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапқан Гүлмира Өмірзақованың туыстары марқұмның өліміне күдіктімен қоса полицейлерді де жазалауды сұрайды. Әйел ажалынан 2- ақ сағат бұрын полиция қызметкерлерін шақырып, төбелес шығарған тираннан қорғауды сұрап арызданған. Алайда инспекторлар мас ер адамды тұтқындаудың орнына пәтерінде қалдырып кеткен көрінеді. Артынша ол балаларының көзінше әйелді пышақтап өлтірген.

Жасы 80- нен асқан Рысбала Қаламқызы үлкен қызынан айырылды. Тұңғышы Гүлмира Өмірзақованы 17 жыл отасқан бұрыңғы күйеуі балаларының көзінше өлтірген. Айтуынша, күйеу баласы үйлене салысымен қызына қол жұмсаған.

Рысбала ӨМІРЗАҚОВА, Г. ӨМІРЗАҚОВАНЫҢ АНАСЫ:

Төбелесіп, аузына келгенін сөйлейтін. Бірде араша түскен мені шашымнан жұлып қабырғаға бір-ақ итерген болатын. Қасымдағы кіші қызымды баласының көзінше ұрды. Полиция шақырып арыз жаздық, 3 ай сандалтып қойды да ақыры істі жапқан. Ал оны 2 сағаттан соң үйге жіберген. Гүлмира соңғы кезде үнемі «өлтіремін» деп айтады, қорқып жүрмін деп айтатын. Ақыры өлтіріп тынды.

Марқұм күйеуімен 10 жыл бұрын заңды түрде ажырасқан. Бірақ, ол кетпей қойып, бірге тұрған көрінеді. 16 жастағы қызы және 14 жастағы ұлдары бар. 25- інші сәуір күні ішіп келіп төбелес шығарыпты. Әйел полиция қызметкерлерін шақырып қорғауды сұраған. Алайда инспекторлар мас ер азаматты тұтқындамай, пәтерінде қалдырып кеткен. Артынша ол екі баласының көзінше әйелді пышақтап өлтірген.

Айгүл ӨМІРЗАҚОВА, Г. ӨМІРЗАҚОВАНЫҢ СІҢЛІСІ:

Учаскелік инспектор келген, бірақ арызды қалдырып балаларымен бірге пәтерде тастап кеткен. Екі сағаттан соң 14 жастағы ұлы маған телефонмен папам мамамды пышақтап тастады деді. Артынша полицейлер де хабарласты. Гүлмира одан қорғауды сұрады ғой, неге алып кетпеді? Егер тұтқындап әкетсе әпкем аман қалар ма еді, кім білсін? Қаншама рет инспектор шақырған, бірақ ылғи бостандыққа жіберіп отырған.

Отбасының қорғаушылары да күдіктінің дер кезінде әкімшілік қамауға алынбағанын айтады. Оны «Кісі өлтіру» бабымен қоса «азаптау» бабымен жазалауды, сондай- ақ полицейлерді «қызметке салғырт қарау» бабымен жауапқа тарту бабымен іс қозғауды сұрап отыр.

Ибрагим СӘДУАҚАСОВ, ҚОРҒАУШЫ:

«Қылымыстық Кодекстің 453-інші бабы, 2- інші бөлігі бойынша қылмыстық істі қозғауға тура келеді,- деп ойлаймыз. Өйткені, сол қылмыстық әрекет жасалғанға дейін полиция қызметкерлері келіп арызды алып, бірақ та ешқандай іс- әрекет қолданбаған болса онда жаңағы сол полиция қызметкерлері өздерінің міндеттемелеріне салғырт қарауы көрінісі деп ойлаймыз».

Полиция департаменті өз қызметкерлеріне қатысты тексеру басталғанын мәлімдеді.

Нығмет ИСМАҒҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:

«Адам өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаны барлық мән- жайы анықталуда. Осы дерек бойынша полиция қызметкерлеріне, сондай- ақ олардың тікелей басшыларына қатысты қызметтік тергеу тағайындалды. Қорытындысы бойынша қатаң жауапкершілікке тартылатын болады».

Гүлмираның туыстары күдіктіні қатаң жазалауды, учаскелік инспекторлардың да жауапқа тартылуын сұрайды. Марқұмның артында қалған екі баласын сіңлісі асырап алмақшы.