$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Есірткі өндіретіндер өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін

02.05.2024ж. 20:00
516
Есірткі өндіретіндер өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Енді елімізде есірткі өндіретіндер өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Депутаттардың осындай ұсыныс айтпасқа амалы қалмады. Өйткені нарықтағы нашаның саны күн сайын артып барады. Тіпті делдалдар синтетикалық тауарды QR код арқылы жеткізетін болған. Олардың жолын кесу үшін не істеу керек? Жаһанды жайлаған індеттің жолын кесу неге мүмкін болмай отыр? Аружан Задабектің материалы.

Қазір елімізде есірткі қолданатын 18 мыңнан астам адам бақылауда тұр. Есепке алынбай, көзге түспей жүргені қанша?! Бір апта бұрын болған оқиға естеріңізде шығар. Алматы қаласының әуежайында есірткіге әбден масайған Air Astana әуекомпаниясының ұшқышы ұсталды. Оның бұған дейін қауіпті затты тұтынатынын ешкім білмеген. Қазір оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Дәл осылай наша шегіп рөлді басқаратындар аз емес. Мәжіліс депутаттары соларға қатысты заңды қатаңдатуды сұрады.

Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Бізде есірткі қолданып көлік жүргізген жағдайда, 15 күнге қамайды және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырады. Бірақ, ол азаматтармен әрі қарай жұмыс істелмейді. Менің білуімше, тіркеуге алмайды, олар одан әрі есірткі пайдаланып жатыр. Біз оларды бақылауға алып, тізімін жасауымыз керек.

Есірткіге қолы жетпегендер кейбір медициналық препараттар қолдануды шығарған. Олардың арасында «трамадол», «тропикамид» пен «азоттың тотығы» бар. Сұраныс жоғарылағаннан кейін былтыр трамадолды психотроптық заттардың тізіміне енгізді. Нәтижесінде сатылым 90 процентке төмендеген.

Қазыбек ӘЛІШЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Медициналық препораттарды бақылаусыз берудің салдарынан аптека, дәріханаларда есірткі пайда болды. Оларға деген жастардың құмарлығы күннен-күнге арта түсуде.

Есірткі тасымалдайтындардың жолы жан-жақтан кесіліп жатыр. Көшедегі белгілер өшіріліп, желідегі каналдар жабылған. Бірақ делдалдар айылын тыяр емес. Бәрін қойып, енді QR код арқылы таратып жүр. Сорақысы, оның бірі тура Астанадағы оқушылар сарайының алдына ілінген.

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Мысалы, облыс орталығында көше атауы жазылған тақтайшадағы QR кодты басқан кезде, есірткі таралатын мекенжайлар байқалған, тағы бір оқиға кеше ғана әлеуметтік желіде айтылып жатыр.

Енді бұл жандарға қысылтаяң күн туды. Есірткі өндіретіндер өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Мәжіліс депутаттары осындай ұсыныс айтты. Бірақ Ішкі істер министрінің орынбасары мұны әлі де талқылаймыз, - дейді.

Айдос РЫСБАЕВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Есірткі жасыратындарға қатысты бұрынғы жауапкершілік сақталады, ал зертхана құрғандарға жаза күшейтілмек. Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Енді бұл ұсыныстар талқыланады.

Қазір елімізде 36 мың адам түрмеде отыр. Оның 4 мыңының есірткі қылмысына қатысы бар.

.