Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Ақтөбеде шалғай ауыл тұрғындары ескі көліктерін қабылдау бекеттеріне жеткізе алмай отыр

AstanaTV
02.02.2017ж. 20:00
2884
Ақтөбеде шалғай ауыл тұрғындары ескі көліктерін қабылдау бекеттеріне жеткізе алмай отыр

Ақтөбе облысындағы шалғай ауыл тұрғындары ескі көліктерін утильдеу үшін арнайы бекеттерге жеткізе алмай отыр. Өйткені қыс ауасында қатынас қиын. Оның үстіне бір ғана көлік қабылдау орны бар. Оның өзі Ақтөбе қаласында орналасқан.

Көне темір тұлпарларды қабылдайтын компания өкілі мобильді топтың жұмысқа кірісуі мүмкін екенін айтып қалды. Бірақ қашан жолға шығары белгісіз. Айта кетейік, елімізде ескі көліктерді сатып алу бағдарламасының екінші кезеңі басталды. Осыған орай Ақтөбеде әкімдіктің жанынан құрылған арнайы комиссия аулаларды аралап, жүрмей тұрған көліктерді анықтауға кірісті.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Ақтөбеде ескі көліктерді қабылдаудың алғашқы кезеңінде 448 автокөлік тапсырылған. Бұл белгіленген квотадан әлдеқайда көп. Тұрғындар көбіне кеңес заманынан келе жатқан көне темір тұлпарларынан құтылғанша асығады екен. 

Диас ескі көлігін тапсыру үшін Мәртөк ауданынан арнайы келіпті. Зауыттан шыққанына 30 жыл болған «ВАЗ» маркалы темір тұлпары әлі де жүруге жарамды. Дегенмен, экологияға зияны көп болғандықтан, одан құтылуды жөн санадым дейді.

Диас Қадыров, Мәртөк ауданының тұрғыны:

Бұл 1987 жылғы. Өзімнің көлігім. Мәртөктен өзім айдап келдім таңертең. Сатайын десем, мұндай суммаға өткен жоқ. Мен сайтқа кезекке тұрдым. Звондады бір күн бұрын. Міне, келдім. Өте ыңғайлы, қазір кезек, бәрі реттелген.

Істен шыққан немесе экологияға зиянды ескі көліктерін тұрғындар арнайы бекетке тапсыруы тиіс. Ақтөбе облысына қанша квота бөлінгені әзірге нақтыланбаған. Сондықтан күніне 8-10 көліктен ғана қабылдап жатырмыз, - деді бекет менеджері. Ал, тілек білдірушілер саны бұдан әлдеқайда көп. Аталған бағдарламадағы өзгеріске сай, енді көлік тапсырушылар алдын-ала тіркелуі шарт.

Зада Қасенова, "Оператор РОП" ЖШС аймақтық бөлімшесінің менеджері:

Әзірше он күнге жазылып қойды. 8 адамнан күніне. Өзгеріс - адам басқа біреуден сатып алса, онда 10 пайыз салық алынады. 

Алдыңғы кезеңдегіден бір айырмасы - бұл жолы аулаларда бос қаңтарылып тұрған көліктерді тексеретін комиссия құрылған. Оның құрамына жергілікті полиция қызмектерлері мен тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары енгізіліпті. Олар үй-үйді аралауға кірісіп те кетті. Қазірге дейін 15 тұрғынға түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Нағымжан Алдияров, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары:

Оларға қойылған талап - ескі автокөліктерді  анықтап, иелерін тауып, соларға түсіндіру жүргізу. Осындай бағдарламаны қолданып, автокөліктерін тапсыруға болатынын.

Жаңа бағдарламаға сай, көлікті өткізушінің құжаттары жіті тексерілмек. Егер құжат күмәнді болса, оператор үш күн ішінде оны құқық қорғау органына тапсырады. Ал қабылдау бекеттері ескі көліктерді бірден жоюға әзірлей бастайды. Яғни аккумулятор мен шиналар шешіліп, техникалық сұйықтықтар арнайы ыдыстарға құйып алынады. Әзірге тек жеңіл көліктер қабылданып жатыр. Маусым айынан бастап жүк көліктері мен автобустарды қабылдау жоспарда тұр.

Жақсыбек КЕМАЛ