$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Орташа мөлшері 1,5 миллион теңге: Жеңіс күніне орай ардагерлерге бюджеттен бір реттік төлем берілді

AstanaTV
05.05.2024ж. 15:28
536
Орташа мөлшері 1,5 миллион теңге: Жеңіс күніне орай ардагерлерге бюджеттен бір реттік төлем берілді

Еліміздің бірнеше аймағында соғыс ардагерлеріне 9 мамырға орай жергілікті бюджеттер есебінен біржолғы ақшалай төлемдер берілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бүгінгі таңда Қазақстанның барлық өңірі мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында ардагерлерге арналған бір реттік төлем үшін жергілікті бюджеттерден барлығы 187 миллион теңге бөлінген.

Әлеуметтік көмек көрсетудің қолданыстағы қағидаларына сәйкес 9 мамырға орай берілетін біржолғы төлемдер сомасы жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктеріне және мәслихаттардың шешімдеріне байланысты әр облыста дербес белгіленеді.

Айта кетері, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынысы бойынша соңғы жылдары көптеген облыста ардагерлерге төлемдер бірыңғай мөлшерде төленеді.

Мәселен, биыл республика бойынша біржолғы әлеуметтік көмектің орташа мөлшері 1,5 млн теңгеге тең. Бұл ретте көптеген өңірлерде орташа мөлшерден жоғары сома төленді: Ақмола облысында – 3 млн теңге, Ақтөбе облысында – 2 млн теңгеден астам. Абай, Алматы, Қарағанды, Павлодар облыстары мен Астана және Алматы қалаларында ҰОС қатысушылары 2 млн теңгеден алды.

Бүгінде республикада Екінші дүниежүзілік соғыстың 148 ардагері тұрады. Оларға әлеуметтік қолдаудың басқа да түрлеріне қарамастан ай сайын 16 АЕК (2024 жылы 59 072 теңге) мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.