Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Астанада балаларға арналған инклюзивті спорт фестивалі өтті

06.05.2024ж. 20:00
195
Астанада балаларға арналған инклюзивті спорт фестивалі өтті

Елордада жасөспірімдерге арналған инклюзивті спорт фестивалі өтті. Шараға дамуында ерекшелігі бар балалар мен олардың достары қатысты. Аталмыш іс-шараны “AMANAT” партиясы ұйымдастырды.

Астанада «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Балаларға арналған инклюзивті спорт фестивалі өтті. Іс-шара «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры және Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен ұйымдастырылды. Жарысқа 150-ге жуық оқушы, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар 50-ге тарта бала қатысты.

Санжар СЕРІК, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:

Бұл бочча ойыны, мында бір ақ допты қояды. Біз сол допқа доптарды лақтыруымыз керек. Жау ақ допты басып алса үстінен ұшырып түсіру керек. Бұл ойын балаларға қызық, қол ептілігін дамытады.

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек атап өткендей, бала құқықтарын қорғау шаралары, сондай-ақ өскелең ұрпақ үшін кедергісіз орта құру – партияның сайлауалды бағдарламасы мен «Кедергісіз келешек» жобасындағы басым бағыттардың бірі.

Дәулет КӘРІБЕК, “AMANAT” ПАРТИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

Қазіргі таңда осы инклюзивті ортаға деген, оған қоса өзіміздің азаматтарымызға, жас достарымызға, балаларға деген құрмет және ерекше көзқарас жақсы қалыптасып келе жатыр. Жарыста баршаңыз жақсы өнер көрсетті деп ойлаймын. Сондықтан да қатысқан әр жас бүлдіршін, әр оқушы менің ойымша жеңімпаз.

Cонымен қатар "Тең мүмкіндіктер" фестивалі Қарағанды қаласында да тұңғыш рет ұйымдастырылды. 3 пен 8 сынып аралығындағы оқушылардан құралған он шақты топ түрлі жарыс бойынша өнер көрсетті. Ерекше жобада облыстың бірнеше қаласынан ерекше жандар бас қосты.

Нұрислам СЕРІК, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:

Біздің командамыз Саран қаласынан... Мен анам үшін жарысып жатырмын, анам қуансын деп. Маған велоспорт ұнайды. Ол аяқты жаттықтырады. Демаласың, жарыстарға велосипедпен барасың.

Ешкім де қоғамнан шет қалмауы керек. Әсіресе дамуында ерекшелігі бар балаларды ортаға қосу, қатардан қалдырмау - адамдық міндет.