$474.72 €515.17 ₽5.58
×

«Олимпиаданың алдында журналистердің арасында бір «олимпиада» өткізіп алу»...

AstanaTV
04.02.2017ж. 20:00
2561
«Олимпиаданың алдында журналистердің арасында бір «олимпиада» өткізіп алу»...

Өткенде Жәзира Жаппарқұл күміс алғанда "нағашы атаң есекті өзеннен көтеріп өткен екен ғой, сол атаңның аты кім?" дейді бір журналист...Олимпиаданың алдында журналистердің арасында бір «олимпиада» өткізіп алу керек сияқты осы.

«Дөп сөз» айдарының кейіпкері Серғали Балажан.

Саламат Омаш: Сөз қадірі арқылы өз қадірін сақтап жүрген келесі кейіпкеріміздің бір топ жазбаларын ұсынамыз. Бүгін Серғали Балажанның ойларымен таныс боламыз. Серғали Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы, мамандығы тарихшы. Белгілі бір тақырыптың төңірегінде емес, қоғамдағы кез-келген жәйттарға ойын жазып жүретін фейсбук белсендісі.

Бір мұғалім апайым Тәуелсіздікке орай 20 мың теңге премия алатынын айтып, қуанып отыр. Білуімше 25 мың теңге бөлінген, әр мұғалімге. 5 мың теңге  "рахметі" шығар. Сонда 1 мектепте орта есеппен 100 мұғалім болса, 500 мың теңге пайда. Шымкентте жүзден аса мектеп бар. Тәуелсіздіктің «рахатын» кімдердің көріп жатқанын жобалап отырмын.

Саламат Омаш: «Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмір алсам, ал Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым» деген атақты Македонский. Шынында да мемлекет үшін мұғалімнің арқасында біраз «іс» тынып, біраз дүние «жеңілдеп» қалатын секілді. Біз бұл жерде ұстаздың негізгі міндеті – оқытуды айтып отырғанымыз жоқ. 

Бәрібір біздің елдегі сайлау жүйесі АҚШ-пен салыстырғанда барынша жетілдірілген. Халық үшін ыңғайлы, үйден шығудың қажеті жоқ. Мұғалімдер бәрін өздері тындырады. 

Серғали Балажан: Фейсбукқа пост, жазба жазу үшін нақты бір уақыт маған керек емес. Қазір интернет барлық жерде бар, смартфон бар. Кез-келген уақытта, кез-келген жерде жаза беремін. Фейсбук тек қана таныс арттыруға ғана пайдасын тигізді деп айта аламын.

Саламат Омаш: «Ауасы емес бұл жердің,

Қонақжай дархан халқы ыстық.

Табиғаты емес бұл жердің,

Шариғат тұнған салты ыстық», -дейді ақындар.

Қай өлке екенін іштеріңіз сезіп тұрған шығар. Бұл кез-келген сөздің де, істің де өз «варианты» бар жалғыз аймақ.

Әлі толық пайдалануға беріліп үлгермеген Батыс Еуропа - Батыс Қытай тас жолының Оңтүстік Қазақстан облысындағы бөлігі (Шымкент-Түркістан) қирап жатыр. Халықаралық болмақ түгілі, планетаралық жоба болса да "чимкентский вариант" өз дегенін жасайды екен.

Саламат Омаш: Ол кісілердің де өз жоспары бар ғой. Әйтпесе, керек кезде барды жоқ қылып, көңілі қаласа, жоқтан бар жасайтын тырнақшаның ішінде «13-аймақтың» қолынан келмейтіндері жоқ екенін жақсы білеміз. 

Серғали Балажан: Болашаққа жасаған жоспарым өте көп. Бірақ оны бәріне айтуды онша дұрыс көрмеймін. Себебі мен олай жасайтындай бір танымал жұлдыз емеспін ғой. Жай ғана қатардағы адаммын.

Наградталды деген сөз дұрыс болса, Шымкенттің өзбектерінің «звонить қылды», «отправить етті», «Өзім отвечать етем» деген сөздері де қазақшада қате емес қой?

Саламат Омаш: Кейде орынсыз сөздің өзіңе тиетіні бар. Әр елдің салты басқа, сиыры ала-қасқа демекші, бізде де әр өңірдің өз ерекшелігі тілден байқалып тұрады. Жә, оңтүстіктен шығайық. Бізде жол ойдағыдай болмағанмен көлік керемет болуы мүмкін ғой. Әсіресе «әркімдікі өзіне» деген қағидаға салсақ.

Қайбір жылы сатып алатын көлік іздеп жүргенбіз. «Мазда-6» деген сұлу көлік көзге түсті. Сатып тұрған жас қыз екен, орысшалау. Бағасын сұрасам 20 мың доллар дейді. "Су жаңасының өзі 20 мың тұрмайды ғой, сенікі әжептеуір айдалған" десем, "Ну правильно, он сегізге алдым, жиырмаға сатып жатырмын. Үстінен пайда көрмесем қайтемін сатып?" дейді. «Ақылынан» айналып кеттім.

Саламат Омаш: Біз мақтағанды онша жақсы көрмесек те мақтанғанды сүйеміз. Көлік түгілі оның дөңгелегіне дейін бізде «супер».  Маусымы жақындағанда төрт дөңгелек бабында болмаса, төрт қабырғаң тең емес сияқты күй кешетініміз де рас.  

Дәл қазір вулканизациядағы дөңгелек ауыстыратын жігіттер алдына келсе президенттің өзін менсінейін деп тұрған жоқ. Жамбыл облысының трассасындағы сержанттар дәл олай кісі бола алмайды, даже. Ертең дөңгелек ауыстыратындарға сезон біткен соң қайта барып, біраз «қандарын ішейін» деп отырмын.

Саламат Омаш: Сізді қайдам, жеке басым «қазақстан футболы» дегенді естігенде түпнұсқасы Қазыбек бидің, қазіргі заман ағымына сай өзгертулерге ұшыраған «Біз қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге гол соқпай, жай жатқан елміз» деген әзіл сөз еске түседі.

Судья қосымша 2 минут қосқанда Қазақстан футболшылары "тағы 2 минут ойнаймыз ба?" - деп, бір боқтап алды.

Саламат Омаш: Қазақстан командалық спорт түрлеріне ыңғайы келмегенмен, жеке-дара ойындарда барын салып жатады. Оған да шүкір. Елімізде жиі өтетін әлемдік шараларда «кімнің кім екенін» байқауға болады. 

 «ЭКСПО-2017» көрмесіне Головкин мен Тайсон шақырылады деп жатыр. Қазір Тайсонды сүндет тойға шақырсаң да келе береді, аз-маз тиынын берсең болды.

Серғали Балажан:  Фейсбукты бес жылдан бері пайдаланып келемін. Блогер емеспін. Нақты бір нәрсені жазбаймын. Айналамдағы болып жатқан нәрсеге пікірімді білдіріп, ойыммен бөлісіп отырамын.

Саламат Омаш: Блогер демекші, қазіргі ақпарат жазып жүргендерге халықтың көңілі толмай жатады. Журналистер «бүйтеді-сүйтеді» дейтіндер көп. Рас, бес саусақ бірдей емес. Қазір жақсы жазуды үйренсем ғой дейтіндерге қарағанда тезірек танылсам, жұлдыз болсам дейтіндер басым. Бір құмалақтың не істейтінін өздеріңіз жақсы білесіздер.

"Жеңісіңді кімге арнайсың?". Осы сұрақ па? Олимпиаданы 5 минут бұрын жеңіп алған спортшыға басқа сұрақ жоқ па, қойылатын? "Елбасыма" деп айтқызғысы кеп тұр ма? Әлде спорт министрі Арыстанбекке деу керек пе? Барып тұрған тупизм.
Жалпы, журналистерді кім іріктеп апарады осы? Өткенде Жәзира Жаппарқұл күміс алғанда "нағашы атаң ешекті өзеннен көтеріп өткен екен ғой, сол атаңның аты кім?" дейді бір журналист. Өзі әлі демін баспаған спортшыға қоятын "нормальный" сұрақ жоқ па?
Олимпиаданың алдында журналистердің арасында бір «олимпиада» өткізіп алу керек сияқты осы.

Қазір қыстың ең ауыр, қаһарлы кезі. Астанада ақпансыз-ақ тоқпан бола береді, ал жалпы елімізде аяз, үскірік, дүлей борандар басталды. Құрметті көрермен, қысқа айда қысқа да, нұсқа жазып тұрыңыздар. Көп сөз ұтпайды, дөп сөз ұтады!