$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Азаматтар журналистерге неше шағымданады?..

AstanaTV
04.02.2017ж. 20:00
1835
Азаматтар журналистерге неше шағымданады?..

Павлодарда «кісі өлтірді» деген күдікпен ұсталған адамның туысқандары мен жанашырлары «Біздің уақытқа» шығып, өз сөздерімен баяндасақ - айыпталушының күйіп кетейін деп тұрғанын айтып, шырылдады. Меншікті тілшіміз Әсемгүл Мұхитқызы екі айдан бері сот отырыстарына қатысып жүрді. Біз судья емеспіз. Дегенмен айыптаушы жақ пен қорғаушы тараптың аргументтерін таразы басына салып көрдік. Картина мынадай. Тек бір нәрсе айтқым келеді - неге азаматтар журналистерге шағымданады? Бұл шын мәнінде нонсенс ғой - «Заң бәрінен өктем, заң алдында бәрі бірдей» делінетін қоғамда.

Асхат Нұркиев, Павлодар облыстық мамандырылған қылмыстық істер жөніндегі соттың төрағасы: 

Ауыр қылмыс пен жеңіл қылмысты жиынтықтай келе Қапсаметке 10 жылға бас бостандығына айыру жазасы  тағайындалсын.

10 айға созылған іске судья Асхат Нұркиев осындай үкім шығарды. Нұрбол Қапсамет 10 жылға темір торға тоғытылды. Жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтейді. Айта кетері, мемлекеттік айыптаушы жасаған қылмыстың ауырлығын ескеріп, яғни қасақана адам өлтіру дерегі бойынша оған 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған еді. Прокурордың талабын судья толықтай қанағаттандырды деуге болады. Сондай-ақ, айыпталушыға 1 млн 113 мың 634 теңге көлемінде мемлекеттік шығынды өтеу міндеттелді.  

Үкіммен келіспеген қауым:

-Біз бәрібір әділдікке жетеміз. Пресс-конференция өткіземіз. Назарбаевқа, Үкіметке дейін барамыз!

Мағсым Алшынбай, адвокат: 

Іс бойынша анализ жасалмаған. Істегі Алтаева деген бір куәгер бар. Сол бір ғана адамның берген дәйектерімен бүкіл істің құрамы сонымен шектелген.

Қорғаушы тарап соттың басқа да айғақтар мен аргументтерді ескермегенін айтады. Олардың пікірінше, бұл тұста қылмыс жасалған уақыт та, орны мен заттай дәлелдері де негізге алынбаған.

Талғат Мұрсәли:  «АТАЖҰРТ» оралмандар мен босқындарды қолдау қоғамдық қорының төрағасы:

Алған бір кроссовкийде бір тамшы қан бар деп тұр. Оған біздің күмәніміз бар. Себебі, кроссовкийді алған кезде оны арнайы қаптама жасап, соған мөр басып, қазақ тілінде түсініктеме беріп, мынада дақ бар, жоқ па дегенді көрсетіп, протоколға жазу керек. Протоколда ол жоқ. Ит ешкімге тартпайды. Ит пара алмайды. Иісшіл ит «Фортуна» деген дүкеннің артына барып, тоқтап, көп қылмыс ашқан ит екен, ары қарай жүрмеген.

Тіпті, айыпталушының конституциялық құқығы да бұзылған,- дейді оралмандар ісімен айналысатын «Атажұрт» қорының төрағасы, тәжірибелі заңгер Талғат Мұрсәли.

Талғат Мұрсәли:  «АТАЖҰРТ» оралмандар мен босқындарды қолдау қоғамдық қорының төрағасы:

Оралман бала ештеңені білмейді. Алыстан келген, керек болса қазір «сен орысша білем дейсің, білмеймін дейсің» деп бұның өзін мазақ қылып жатыр. Мемлекеттік тілде іс жүру керек еді. Жарайды ар жақтан арыз орысша түсті деген күннің өзінде де мемлекеттік тілді ескеру керек еді.

Оқиға былтыр сәуірдің 23-нен 24-не қараған түнде болған. Ертіс ауданы, Қызылжар ауылында белгісіз біреулердің арасында туындаған төбелестен Игорь Сьедин есімді азамат қаза табады. Шұғыл жасақталған тергеу тобы қылмысқа қатысы бар немесе оны көруі мүмкін дегендердің бәрінен жауап алады. Нұрбол да қатарластарымен бірге түсініктеме беріп жүрді-дейді әкесі Қапсамет Хаманұлы. Алайда, араға екі күн салып, яғни сәуірдің 26-сында баласы аяқ астынан «куәгерден» «күдіктіге» айналған.

Қапсамет Хаманұлы, Нұрболдың әкесі: 

Ешқандай, ешбір не болған жоқ қой. Қорқыныш, үрей, болмаса ұйықтай алмайтын. Телевизорын көріп, кәдімгідей ойнап күліп жүрді. Жоға өздері бірін бірі өлтіріп алып жүр, біздің ешбір қатысымыз жоқ деп. Мойындапты дегенде біз төбемізден жай түскендей болдық қой. Бірақ бізді жолатқанда жоқ, оны көрсеткен де жоқ.

Өлтірілген адаммен ұлының арасында араздықтың болғанын Қапсамет аға жасырмайды. Бірақ, ол мәселе сұмдық оқиға болардың алдында бір жарым ай бұрын шешімін тапқан, -деп отыр. Нұрбол жанжалдасқан әріптесінен кешірім сұрап, татуласудың белгісі ретінде ұялы телефон сыйға тартқан. Сөйтіп, бұл іс тараптардың ымыраласуына байланысты тоқтатылады.  Сондықтан, «өшпенділік» жайлы айту артық,-дейді әкесі. Алайда, тергеу материалдарына сәйкес, айыпталушының марқұмға кектенуінің салдары «кісі өліміне» әкелген. 

Дулат Бейсенбаев, мемлекеттік айыптаушы:

2016 жылдың 23-сәуірінде сағат 11.45 шамасында Ертіс ауданы, Қызылжар ауылының орталық паркінде Қапсамет пен Сьединнің арасында соңғысының полицияға арызданғанына байланысты кикілжің туындаған. Ол кезде Қапсамет алкогольдік мас күйде болған. Дауласу барысында мас болған Қапсаметке Сьединді өлтіру туралы арам ой келіп, пиғылын іске асырған.

Сот отырысында Нұрбол Қапсамет бұл түсірілімдегі жауапта бірде бір шындық жоқ, - дегенді айтты. Оның сөзінше құқық қорғау органдары тарабынан көрсетілген қысымнан ол, амалсыз ауыр қылмысты мойындауға мәжбүр болған.

Бетімнен көп ұрған жоқ. Жақтан 1-2 рет қана соқты. Олар көбіне денеден ұрды. Ана жерде мен шешініп тастап отырған жоқпын гой. Денемде, мойнымда синяктар болды.

Қапсамет Хаманұлы, Нұрболдың әкесі: 

Мойныңа алмасаң сені бәрібір де біз мойындатамыз. Қаладан группа келеді. Сабайды. Бұдан зорғысын көрсетеді деген. Мойныңа ала салсаң сен жеңіл кетесің деген. Мойындамаймын дегенде 2 күн уақыт берген, сөйтіп келіскен. Телефон нөмірін жазып берген, ана бастықтың орынбасары. 

Нұрбол көп балалы отбасында тәрбиеленген. Өзінен басқа бес аға-әпкесі бар. Анасының сөзінше үшінші ұлы табиғатынан момын. Сабақты 4 пен 5-ке оқыған. Спортқа жақын болғандықтан, оқушыларды күреске баулып жүрген. Өмірін астан-кестен қылған сәуірдің 23-күні кезекті жарыстан шәкірттері жүлделі оралыпты. Жеңіске масаттанған бір топ жас қуаныштарын өздерінше атап өткені рас. Бірақ, баламның «адам өлтіруі» мүмкін емес. Және бұл іске қатысты соттың шешімі де әділетсіз,-дейді көп балалы ана.

Мейрам Қонғанбай, Нұрболдың анасы: 

Нұрболдың ешқандай кінәсі жоқ екені дәлелденіп тұрса да, сонда да мыналар ұйымдасқан қылмыспен соттап отыр. Нақақтан нақақ жала жауып жатыр. Судья әділ шешім шығарады деп ойладық. Бірақ, судья әділ шешім шығармады.

Сот үкімі жарияланған күні облыстық мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі соттың алды айыпталушыны қолдап келген туыс-туған мен ауылдастарға лық толды. Бұқараның көптігінен сескенді ме, әйтеуір, ғимараттың ішін де, сыртын да тәртіп сақшыларымен қоса арнайы күзет жасағы бақылап тұрды. Арасында автомат асынғандарды да көзіміз шалды.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші: 

Қалай болса да, сот үкіммен қорғаушы тарап келіспейді. Аппелациялық арыз жазбақ. Одан қайыр болмаса, касациялық шағыммен Жоғарғы Сотқа жүгінеміз деп отыр. Бұл жерде соттың әділдігіне күмән келтіруден аулақпыз. Біздікі  – 10 жылға сотталып бара жатқан жап-жас жігітке жала жабылмаса деген ой ғана.

Әсемгүл Мұхитқызы, Нұрлан Әлмұхамбетов, «Біздің Уақыт».