$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Шексіз қадірлеу ме, жоқ әлде шектен шыққан «өзімбілемдік» пе?

AstanaTV
04.02.2017ж. 20:00
2987
Шексіз қадірлеу ме, жоқ әлде шектен шыққан «өзімбілемдік» пе?

Оралда «біртүрлі» билбордтар пайда болды. Қаланың қақ ортасына орнатылған билбордтарда бақилық болған азаматтың ақ-қара түсті фотосы мен үш-төрт шумақ арнау жазылған. Оларды «Urban Image» компаниясының орнатқанын біздің тілшіміз Еркін Карин анықтады. Компания өкілдері мұны «әлеуметтік жоба» дейді. Әке-шешесін немесе өзге де қадірлі жандарын ардақтағысы келген кез-келген адам осындай билбордқа тапсырыс бере алады. Мұны қалалық әкімдік те құп алыпты. Осылайша бірінші жобасы – әлгі билборд Орал қаласының көрнекті 4 бұрышына қойылған.

Анна Шатилова,  «Urban Image» компаниясы директорының орынбасары: 

Қала тұрғындарының бірі әкесіне осылай құрмет көрсеткісі келетінін айтты. Өтінішін жерге тастамай марқұмның суреті мен балаларының арнауы жазылған өлең жолдарын орналастырдық. Осылайша балаларының әкелеріне деген құрметін көпшілікке көрсеткіміз келді. Қазіргі заманның құбылғаны соншалық, жер басып жүрген қимас жандарымыздың қадірін білмейміз. Жазда жартылай жалаңаш қыздардың суреттері ілініп тұрған, сол кезде қоғам үндемеді. Мұның қасында бұл - әкесіне деген балаларының сағынышы. Әке - мамандық емес, демек оның жақсы әке болғаны. Біз осыны басқаларға жеткізгіміз келді. Мысалы, "Мәңгілік полк" деген акция бар. Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан жауынгерлердің ұрпақтары аталарының суреттерін кеудесіне басып, көшемен салтанатты шеру құрып өтеді. Бұл да сол секілді нәрсе. Сондықтан еш әбестігі жоқ деп ойлаймын.

Бұл билбордтар бір ай тұрады. Сосын басқа адамның суреті қойылуы мүмкін. Сонымен мұндай билбордтар қадір тұтар жақыныңа деген шексіз құрмет пе, жоқ әлде шектен шыққан «өзімбілемдік» пе?

Мұнайдар Балмолда, журналист: 

Болашақта осыдан көріп, жарнама беретін агенттікке басқа да адамдар ақшасын төлеп, билбордқа толтырып қойса, қаламыз бір зират сияқты болады. Қаланың бүкіл мәдениетіне, сәулетіне нұқсан келеді. Сондықтан мен қарсымын. Мұны бүкіл көпшілік, жұртшылық қолдайды деп ойлаймын.

Мәселен, бір жылдары қаламызда Абайдың, Мағжанның, Міржақыпты, Қадырдың суреттері мен сөздері ілулі тұрды. Оны халық жақсы қабылдады. Өткен-кеткен кезде балаларым да көреді. Ел, Отан, туған жер, тіл туралы қанатты сөздері жазулы тұратын. Мына жерде ондай ештеме жоқ. Балаларының әкесіне арнаған еске алуы, шалдыр-шатпақ өлең. Оны көшеге ілу өте ұят нәрсе.