Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Қостанайлық кәсіпкерлер балабақшаларды сенімді басқаруға алуға дайын

AstanaTV
07.02.2017ж. 20:00
2997
Қостанайлық кәсіпкерлер балабақшаларды сенімді басқаруға алуға дайын

Тобыл өңірінің қалталы азаматтары балабақшаларды сенімді басқаруға алуға дайын. Облыстық кәсіпкерлер палатасы осындай бастама көтерді. Қостанай билігі бұл ұсынысты қолдап отыр. Облыстық қаржы басқармасы мектепке дейінгі мекемелерді сенімгерлік басқаруға беру қазына қаражатын үнемдейді деп болжайды. Игі бастаманың тиімді тұстарын Заңғар Санай біліп көрді.

Қазір Қостанай облысында 24 мың бүлдіршінді қамтитын 185 балабақша жұмыс істейді. Оның 51-і - жекеменшік. Мектепке дейінгі мекемелерді қаржыландыру мәселесі мемлекеттік тапсырыс төңірегінен аспайды, - дейді білім басқармасының басшылары. Яғни облыстық қазынадан әр балаға орташа есеппен 25 мың теңге қаражат бөлінеді. Қосымша ақша берілмейді. Сондықтан көптеген көне нысандарға жөндеу жұмыстары жүргізілмей отыр.

Василий Цымбалюк, Қостанай облыстық  білім басқармасы басшысының орынбасары:

Бүгінгі таңда балабақшаларды қаржыландыру мемлекттік тапсырыспен ғана шектеледі. Ал жекеменшікке беретін болсақ, бұл жағдай басқаша болар еді. Мысалы, кәсіпкер балабақша ғимаратын өз қаражатына жөндеп, барлық талапқа сәйкес етуге тырысады. Өйткені оның қосымша қаражат шығаруға қауқары бар. 

Аймақ атқамінерлері кәсіпкерлердің ұсынысын терең зерттеп, түбегейлі қарастырып жатыр. Негізгі талап - балабақша көлденең келген көк аттыға берілмеуі тиіс. Сенімді басқаруға тілек білдіргендердің тізіміне кем дегенде 5 жыл тәжірибесі бар әрі тәртіп бұзбаған кәсіпкерлер ілігеді.

Геннадий Кукоба, Қостанай облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

Біз облыс бойынша 6 нысанды алуды көздеп отырмыз. Бизнес өкілдері кез-келген нұсқаны қарастыруға дайын. Тіпті аудан орталығындағы балабақшаларды сенімді басқаруға алғысы келетін кәсіпкерлер бар. Әзірге бұл бастаманы екі тарап жан-жақты қарастырып жатыр.

Алғашқы сенімді басқаруға берілген «Ақжелкен» балабақшасы үш жылдан бері жұмыс істеп келеді. Әуелгі кезеңде 150 баланы қабылдаған жекеменшік ұйым қазір 275 балғынға тәрбие беріп отыр.

Кенжегүл Сәрсенбайқызы, «Ақжелкен» балабақшасының  меңгерушісі:

9 топ жұмыс істейді. Екеуі мемлекеттік тілде. Қалған жетеуі орыс тілінде. Осы, «КСК» шағын ауданының балалары бізге келеді. Оларға өте қолайлы, өте жақсы. Осы балабақшаны ашқанда, ата-аналар өте қуанышты болды. Өйтені бұл маңайда балабақша болмаған.

Заңғар Санай, тілші:

90-шы жылдары қалалық әскери комиссариаттың ғимараты болған ескі нысан екі жылдай қаңырап бос тұрды. 2014 жылы қостанайлық кәсіпкер қомақты қаражат шығарып, қайта қалпына келтіру жұмыстарын қолға алған. Көне ғимаратты күрделі жөндеуден өткізуге 150 миллилон теңге жұмсалыпты.

Игі бастаманың қашан және қандай ережемен жүзеге асатындығы белгісіз. Әзірге жергілікті билік қаладағы қай балабақшаның сенімді басқаруға берілетіндігін жариялаған жоқ. 

Заңғар САНАЙ