$480.61 €534.53 ₽5.28
×

Канадада 10 мың гектардай орман алқабы өртенді

15.05.2024ж. 20:00
280
Канадада 10 мың гектардай орман алқабы өртенді

Биыл елімізде жаз әдеттегіден ыстық болады. Қазгидромет мамандары осындай болжам жасады. Демек өрт қауіпсіздігін күшейту – маңызды. Өзге мемлекеттерде қазірдің өзінде орман алқаптары өртке оранған. Аптап ыстықтан зардап шеккен елдердің де саны артып жатыр. Әлемдегі климаттық өзгерістер туралы толығырақ әріптесім Аружан Задабек жалғастырады. Эфирде - Жер-жаһан айдары.

Қайырлы кеш, көрермен! Әріптесім дұрыс айтады. Қазір біраз мемлекетте табиғи апат тосын мінез көрсетіп жатыр. Батыс Канадада 10 мың гектар орман алқабы өртеніп кетті. Түтін ауаға жылдам тарады. Тұрғындар шұғыл эвакуацияланды. Құтқарушылар жергілікті халықты қауіпсіз жерге көшіріп жатыр. Күннің қатты ысуына байланысты өрт қайта өршуі мүмкін.

ТҰРҒЫН:

Кеше біз көшу туралы ескерту алдық. Бірден әрекетке көштік. Төрт баламды алып, тез-тез жиналдым. Қорқып кеттік. Қауіп сейілмеді. Сондықтан біз қауіпсіздігіміз үшін эвакуациялық орында боламыз.

Айта кетейін, канадалықтар биыл ел тарихында алғаш рет жауын-шашынсыз ең ыстық қысты өткізді. Күннің ысуынан зардап шеккен бұл ел ғана емес. Филиппиндегі қуаңшылықтан 3 жарым миллионнан аса адам зардап шеккен.Елде сәуірден бері аптап ыстықтың беті қайтпай, құрғақшылық қыспаққа алды. Кейбір өңірде су тапшы. Ауыл шаруашылығы саласына зор залал келді. Материалдық шығын көлемі бір жарым миллион долларға жеткен.

Джулиен НИКОЛАС, ҒАЛЫМ:

Биылғы сәуір ең ыстық ай болды. Рекордтық көрсеткішке жетті. Халық қатты қиналып отыр. Әсіресе балалары бар отбасыларға қиын. Олар мектепке бара алмай жүр. Алда бұдан да қатты құрғақшылық болуы мүмкін.

Бірі – суға зар болса, енді бірі – нөпір судан арыла алмай отыр. Ауғанстанда су тасқыны салдарынан 300-ден аса адам қаза тапты. Мыңдаған тұрғын зардап шегіп, 2 мың үй қирап қалды. Медициналық мекемелердің де қабырғасы сөгілген. Әсіресе Бағлан провинциясында ахуал күрделі. Билік аймақта төтенше жағдай режимін жариялады.

Сахиб ХАНА, ТҰРҒЫН:

Бұл менің жиенімнің қабірі, ал мынау әкемнің қабірі. Ағам мен әпкем де осы жерге жерленген. Олардың барлығы су тасқыны салдарынан қайтыс болды.

Индонезияда да жағдай мәз емес. Суматра аралында толассыз жауын жауып, арты алапат тасқынға ұласты. 37 адам опат болып, тағы ондаған адам ауыр жарақат алды.

СУХАРЯНТО, ТАБИҒИ АПАТТАРДЫ БАСҚАРУ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ АГЕНТТІКТІҢ БАСШЫСЫ:

Қазір өлген адамдардың денесі табылып жатыр. Жарақат алғандар да көп. Іздестіру әлі жалғасады.