Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Елдегі экспорттау жүйесі қалай жүзеге асуда?

AstanaTV
08.02.2017ж. 20:00
3557
Елдегі экспорттау жүйесі қалай жүзеге асуда?

Экспортты арттыру керек. Ол өнімді сатуды индустрияландыру бағдарламасы арқылы шешілуі тиіс. Яғни жобаны бәсекеге қабілетті экспорттық өндірістердің дамуына бұру керек. Президент жолдауында осындай міндеттер қойған еді. Өйткені былтыр экспорт үлесі 20 пайызға төмендеген. Ал өнімдердің көбі шикізат нарығына тиесілі. Ал Қазақстан шетелге қандай шикізаттық емес өнімдер экспорттайды? Тілшілеріміз анықтап көрді.

ТМД елдерінде сазан мен көксеркенің жон еті, табан, шортан, сыла, жайын, құты мен қаракөздің кептірілген және қақталған түріне сұраныс мол. Атыраудағы «Інжу-Маржан» балық шаруашылығы оларды 10 жылдан бері экспорттап келеді. 2015 жылы 500 тоннадайын жөнелткен. Бірақ былтыр ауға түскен балық аз болып, экспорт 35 пайызға азайған. Енді оны жасанды жолмен өсіруді қолға алмақ.

Гүлфара Исмағұлова, «Інжу-маржан» ЖШС директоры:

Балықты жіберудің рәсімдеуін көбіне өзіміз жібереміз. Өйткені оларға зерттеу хаттамасы керек, балықтың алған анализдері, соңғы анализдері, нормативке сәйкес, сосын олардың ветеринарлық анықтамасы болады, сертификациялық сәйкестігі болуы керек. Жаңағы экспортқа кететіндерге ИСО керек, соның бәрін өзіміз рәсімдейміз.

Ал Солтүстік Қазақстанан мәрмәр ет Ресейге экспортталады. Элиталы өнім қарапайым еттен екі есе қымбат. "Вишневское" серіктестігі ішкі нарыққа 60-70 тоннасын бөлсе, көрші елге жыл сайын 15 тоннасын жөнелтеді.

Павел Рафальский,  "Вишневское" ЖШС директоры:

Егер де ай сайын малдың 100 басын өткізіп отырсақ, Ресейдің кез-келген қаласы бізбен келісімшарт жасаспақ. Мәскеуліктер де өнімге қызығушылық танытып отыр. Енді мал басын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін қосымша мал бордақылау алаңдарын салып жатырмыз.

Ал Тараздағы «ROLA 7» кәсіпорны макаронның 25 түрін өндіреді. 150 адам тәулігіне 35 тоннасын дайындайды. Ауғанстанда сауда үйін ашқан. Ал бір жылдан бері өнімдерін Ресей, Түркіменстан мен Қырғызстанға экспорттай бастаған.

Тұрсынбек Нұрбаев, «ROLA 7» ЖШС бас директоры:

Салық жағынан экспортқа шығарған бізге тиімді. 12 пайын НДС бізге қалып отырады. Бізге тиімді, пайдалы біздің мекемеге қалып отырады. Бірақ та Ресейге көлік қымбат. Вагонмен жіберген жақсы. Вагондарға өздері төлейді. Құны вагонына 1 млн 200 мың теңге.

Ал батыс қазақстандықтар былтыр өңір қамбасына 300 мың тоннадан астам астық құйыпты. Кәсіпкерлер дәнді өңдеп, дайын өнім ретінде саудалап отыр.

Жасұлан Халиуллин,  БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Жыл бойы 110 мың тонна ұн өнімдері өндіріліп, 29 мың тоннасы басқа шетелдерге экспортқа жіберіліп отырды. Өзбекстан, Түркмения, Армения, Тәжікстан, көрші Ресей мен Қытай және т.б. елдерге экспорттап отыр. Кедендік одақ құрылғалы бері кедендік одақ елдеріне құжаттарды рәсімдеу жеңіл болғаны анық байқалды.

Дегенмен, елде ауыл шаруашылығы саласы дамығанымен, азықтың біраз түрін импорттап отыр.

Шаһарбану Жақыпова, экономикалық зерттеулер институты төрағасының орынбасары:

Геосаяси тұрғыдан қарағанда, біздің көршілеріміздің халқы тығыз орналасқан. Мұны пайдалануымыз керек. Әсіресе ауыл шаруашылығының әлеуеті зор. Егер де біз шикізатты өсіре алсақ, онда оны өңдеу мүмкіндігі де бар. Адами капитал мен технологияны дамыту керек.

Шикізаттық емес экспорт үлесін арттыру - жолдау жүктеген міндеттердің бірі. Ауыл шаруашылығы министрлігі Ресей, Қытай мен Иран нарықтарына енудің жол картасын әзірлеп қойған. Өйткені биыл ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын 10 пайызға көбейту көзделген.

А.ҚҰРМАНКИН