Бұл заңбұзушылықтар 15-19 сәуір аралығында өткен «Тұрақ» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында тіркелген. Астана қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Махамбет Төлешовтің айтуынша, шараның басты мақсаты — жолдағы тәртіпті күшейтіп, апатты азайту.
— Іс-шара барысында тұрақтарға көлікті дұрыс қоймау деректеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар жол белгілері мен таңбаларын сақтамау, қиылыстар мен жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту ережелерін бұзу фактілері де жиі қайталанды, — деді ол.
Нәтижесінде жол белгілері мен таңбаларын сақтамаған 685 дерек тіркелген. Сондай-ақ 700-ден жүргізуші дұрыс тоқтамай, тұрақ ережесін бұзған.
— Көлік құралдарын тек арнайы белгіленген орындарға қою қажет. Тротуарларда, балалар және спорт алаңдарында, сондай-ақ арнайы техниканың жүруіне кедергі келтіретін жерлерде көлік қоюға болмайды, — деп атап өтті Махамбет Төлешов.
Полиция өкілінің мәліметінше, жыл басынан бері елордада 56,5 мыңнан астам тұрақ ережелерін бұзу дерегі тіркелген. Оның ішінде 11 900-ден астам хаттама рәсімделген.
Қабылданған шаралар аясында 53 көлік айыптұраққа қойылып, 922 автокөліктің мемлекеттік нөмірлері алынып, пайдалануға тыйым салынды.