«Нұр Отан» партиясы еліміздің мәдени ошағы - Алматы қаласынада үгіт-насихат шарасын жалғастыруда. Алатаудың бауырайындағы қала нағыз жас ғалымдардың, инноваторлардың ортасы. Әрі зиялы қауым өкілдері де мұнда шоғырланған. Сондықтан билік партиясының сайлауалды бағдарламасын нағыз біліктілер ортасына келіп таныстырып отыр. Ал түс ауа сайлауалды штабының барлық мүшелері Республика сарайында белсенді жастардың қалың шоғырын жинаған"Нұр Отан" партиясын қолдаушылар форумында бас қосты.
Асқар МЫРЗАХМЕТОВ, «НҰР ОТАН» партиясының республикалық сайлауалды штабының жетекшісі:
Елімізбен бірге Алматының да қаншалықты қарқындап дамып отырғанын біз көріп отырмыз. соңғы 4 жылдың өзінде, Алматы қаласының ішкі өнімі 2,2 есеге өсіп, бүгінгі таңда ішкі өнімнің жалпы көлемі 8,5 триллион теңгені құрап отыр. партияның қабылданған жаңа сайлауалды бағдарламасы осы жұмыстардың барлығын ары қарай жалғастыратын болады. Тек қана жалғастырып қоймай, елдің дамуын жаңа деңгейге көтергелі отыр. осы жерде бір ғана қаланың зиялы қауымы емес, елдің зиялы қауымы шоғырланған бірліктің де үлгісін Алматы қаласы, тек қана сайлауда емес, алдағы уақытта да көрсетеді ғой деген біздің сеніміміз бар. Біз сіздерді соған шақырғалы келдік.
Ал «Ақ жол» партиясы Көкшетаудағы үгіт жұмыстарынан кейін Павлодарға жетті. Керекуде ақжолдықтар бірінші кезекте сүт өнімдерін шығартын кәсіпорын ұжымымен кездесті. Парламент қабырғасында іскерлердің жақтастары ретінде танылған саясаткерлер кәсіпорынның өнімімен танысып қана қоймай, жергілікті бизнес ортаның түйінді проблемаларын талқылады. Қазір кәсіпорында 200-ден астам жұмыскер қызмет етіп жатыр. «Ақ жол» партиясы алдағы саяси додада осындай еңбек адамдарына сенім артады.
Қазбек Иса, «Ақ жол» ҚДП төрағасының орынбасары:
«Ақ жол» партиясының негізгі ұраны «Еңбек етер кез келді» деген ұранмен. Биылғы мәжіліс сайлауына біз, яғни еңбек етер кез келді деген сөз адал еңбекке ақ жол деген сөз. Сондықтан да біз мына еңбек етіп жатқан, кәсіп шығарып жатқан, бізге экономикамызды аяғынан тік тұрғызып жатқан осындай кәсіпорындардың көбісінде сайлаушылармен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдап келе жатырмыз. Көптеген проблемаларды айтып жатыр.
«Ауыл» партиясының Қызылжардағы үгіт жұмыстары азық-түлік қауіпсіздігін қадағалау акциясынан басталды. Шараға партияның облыстық қоғамдық штабы және жастар қанатының мүшелері шықты. Олар қала саудагерлерін мерзімі өтіп кеткен өнімдерді халыққа сатпауға шақырды. Ал бұған көнбеген саудагерлердің тізімін "ауылдықтар" әлеуметтік желілерде ашық жариялау арқылы тәртіпке салмақшы. Ал акцияға қызығушылық танытып жиналған жұртқа партияның үгітшілері сайлауалды бағдарламаларын таныстырды.
Бақытжан Теміров, «Ауыл» ХДПП облыстық қоғамдық штаб төрағасының орынбасары:
Бүгінгі таңда біз 6-7 үлкен сауда орындарын аралап шықтық. Оның ішінде уақыты өтіп кеткен туарлар да бар. Оны біз сатушы не болмаса сату ұйымдарында ескерту жасап, көрсетіп жүрміз. Уақыты өтіп кеткен тауарлар бізідң халқымыздың денсаулығына өте көп зиян келтіреді. Сол себепті ондай тауарларды болдырмау үшін акция жүріп жатыр.
Ал еңбек адамының мәртебесі үшін күресетін коммунистер Оралда «Орал құйма-механикалық зауыты» серіктестігінің еңбек ұжымымен кездесті. Партия мүшелері жұмысшыларға өздерінің сайлауалды бағдарламаларын кеңінен түсіндірді. Коммунистердің негізгі ұсынысы еңбек ұжымдарын кәсіподақтарға біріктіру, еңбек адамының мәртебесін көтеру. Қазақстан Коммунистік Халық партиясы өзінің барлық мүмкіндіктерін жасампаздыққа, даму мен гүлденуге мүмкіндік туғызатын нақты іс-әрекеттерді іске асыруға жұмылдыратынын да атап өтті. Жиын соңында еңбеккерлердің жұмысына табыс тіледі.
Владислав Косарев, ҚКХП ОК саяси бюросының мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер:
Ең алдымен жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы қарым-қатынасты реттеу керек. Кәсіпорындар жұмысшының тұрмыстық жағдайын жақсартуға күш салуы тиіс. Неге десеңіз, олар өндірістің әр саласында еңбек етіп, тер төгіп, Қазақстанды көркейтуге атсалысыуда. Адам еңбегін лайықты бағалау арқылы өнімділіктің еселеп артатынын, істің алға басатынын ескерген жөн.
Бүгін Петропавл қаласының саяси белсенділігі жоғары. Қалада екі бірдей партия үгіт жұмыстарымен жүр. Қазақстан Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының үгітшілері жұмысын жергілікті халықпен кездесуден бастады. Облыс орталығының әмбебап кітапханаларының бірінде ұйымдастырылған жиында социал-демократтар осы уақытқа дейінгі атқарған жұмыстарына тоқталып, болашаққа жоспарларымен бөлісті. Кездесуге өңірдің түрлі салада қызмет етуші азаматтары мен зиялы қауымы, жастары жиналды. Партияның облыста жоспарлаған жұмысы көп. Сондықтан бүгінгі кездесуден кейін белсенділер өңірдің ауыл шаруашлығының жай-күйін білмекке шалғай ауылдарға жолға шығады. Ал партияның қаладағы үгіт жұмыстарының үзілмеуіне жастар қозғалысы жауапты.
Азат Мұханжар, ЖСДП жастар қанатының белсендісі:
Біздер жастар қанатының мүшелері алдағы уақытта халыққа арнайы парақшалар мен буклеттер тарататын боламыз. Осылайша біз тұрғындарды өз партиямыздың тұғырнамасымен таныстырмақпыз. Сондай-ақ бұдан бөлек есріткі, жемқорлық мәселелеріне қатысты кездесу өткіземіз.
ЖСДП-лықтар жиынды қорытындылап, партия белсенділері жиналғандарды Парламент мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлауға белсене ат салысуға сайлаушыларды шақырып жатты.
Ал Қостанадай «Бірлік» партиясы жергілікті этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кездесті. Партия халықтар достығына ерекше мән береді. Ұйым өкілдері, қоғамдық тұрақтылық пен келісімнің, ауызбіршіліктің арқасында мемлекетте ұлттар арасындағы достастықтың беки түсетіндігіне сенімді екендіктерін жеткізіп жатты. Бүгінде кей мемлекеттерде саяси тұрақсыздық орнап, тіпті соғыс болып жатқан жағдайда бар. Ал, тәуелсіз қазақ жерінде бейбітшілік салтанат құрып, халқымыз берекелі күн кешуде. Бұл ретте партия мүшелері, түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерін бір шаңырақтың астына топтастырған - Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі жоғары екендігін атап өтті.
Мұрат Қожамқұлов, «БІРЛІК» партиясының мүшесі:
Біз өскелең ұрпақтың санасына Қазақстанда тұрып жатқан көптеген ұлттардың, ұлыстардың мәдениетіне, салт-дәстүріне мәдениетпен қарау деген дүниені сіңіруіміз керек. Бұл біздің ата-бабаларымыздан келе жатқан ізгі қасиет. Осындай құндылықтарды насихаттау, осындай құдылықтарға мән беру, рухани дүниені жаңғырту, біздің «Бірлік» партиясының басты ұстанымдарының бірі.
Партиялар арасында жүріп жатқан үгіт-насихат наурыздың 18-іне дейін жалғасады.
Құралай ПИОНЕР