Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

«Абу-Даби Плаза» кешенінен шыққан екінші өрт қасақана қойылған болуы мүмкін

AstanaTV
04.03.2016ж. 20:00
1764
«Абу-Даби Плаза» кешенінен шыққан екінші өрт қасақана қойылған болуы мүмкін

Бүгін Астанадағы «Абу-Даби Плаза» кешенінен тағы да өрт шықты. Осы жолы салынып жатқан ірі құрылыстың төменгі қабатынан от тұтанған. Төтенше қызметтің хабарлауынша, керегеге жылы болу үшін салынатын минералды мақта бықсып жанған. Жалын 50 шаршы метр аумаққа тарапты. Құрылыстағы қауіпсіздікке жауапты «НикаСтройСервис» фирмасы өкілдері телефон арқылы өрттің қасақана қойылуы мүмкін екендігін жеткізді.

Аян Рамазан, «НикаСтройСервис» компаниясының менеджері:

Таңентең сол жақта жүрген қызметкерлерімізге хабарласқанда, олар өрттің қасақана қойылу мүмкін екенін айтты. Әзірге тексеріліп жатыр. Басшылықтың барлығы сол жақта жүрді. Ал бірінші жағдайға қатысты нақты ештеңе айта алмаймыз. Шығынды да білмейміз.

Айта кетсек, ауқымды құрылыстан 13-ші ақпанда да өрт шыққан. Ол кезде ғимараттың 11 мен 25-ші қабат аралықтары түгел жанып кеткен. Апатқа дизельді жылытқыштан шыққан ақау себеп делінді. Тіпті оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, қауіпсіздікке жауапты фирма тергеуге алынған еді. «Абу-Даби Плаза» Біріккен Араб Әмірліктері мен Қазақстанның бірлесуімен 2010 жылы басталған, құны 1,6 млрд долларлық инвесторлық ірі құрылыс. 88 қабаттан тұратын Орта Азиядағы ең биік ғимарат биыл жыл соңында бітуі тиіс еді.  Ол «Экспо-2017» көрмесінің басты нысандарының бірі.

 Құралай ПИОНЕР