Бүгін
таңертең бүтін бір шахар сусыз қалды. Құбырдағы жапқыштың бүлінуі Павлодар
халқын әбігерге түсірген. Атқылаған су үйлердің ауласын басып, көшелер өзенге
айналды. Ақыры жергілікті билік қаланы бірнеше сағатқа тіршілік нәрінен
ажыратуға мәжбүр болды. Коммуналдық апаттың жай-жапсарын Әсемгүл
Мұхитқызы айтып береді.
Әсемгүл
Мұхитқызы, тілші:
Магистральдік
су құбырында болған апаттан Павлодарда 10 шақты тұрғын үй судың астында қалды.
Бүгінде аптаттың салдарын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әкімдіктің
мәліметінше, бұл шараға 22 сағат уақыт кеткен. Және де апатты жою жұмыстарына
12 техника, 5 бригадалық топ жұмылдырылған.
Әбігерге
түскендердің қатарында Дүйсеновтар отбасы да бар. Кеше олар ағын судың бағытын
өзгертіп әлектенген еді. Бүгін қатып қалған мұзды еріте алмай әлек болды.
Ауланың іші көктайғаққа айналған.
Айгүл
Дүйсенова, Павлодар қаласының тұрғыны:
Маңайымыз
кәдімгі өзенге айналғанда, түсінбей қалдық. Көшенің арғы бетінен бер жаққа өтудің
өзі мұң болды. Таңертең аулаға кірген судың мұз болып қатып қалғанын көрдік.
Қақпаны аша алмадық. Мұзды жаруға тура келді.
Төтенше
жағдай шаһардың оңтүстік бөлігінде орын алған. Жергілікті биліктің мәліметінше,
магистральдік құбырдағы жапқыш істен шығып, ағын су көше бойына жайылыпты. Бұл
жаяу адам түгіл, көліктердің де қозғалысын қиындатқан. «Павлодар су арнасы»
кәсіпорнының өкілі ақаудың шығу себебі анықталып жатқанын айтты. Белгілісі,
апат орын алған магистраль бірер жыл бұрын ғана жаңартылған.
Владимир
Сарапульцев, «Павлодар су арнасы» ЖШС бас инженерінің орынбасары:
Су
құбыры осыдан 9 жыл бұрын жөнделіп, жаңартылды. Бүлінген жапқыш та сол кезде
ауыстырылған. Ілмекті арматура мен құбырлар үшін бұл өте аз уақыт. Кем дегенде
20 жыл үздіксіз жұмыс істеуі керек болатын.
Компания
өкілінің айтуынша, жапқыштың беріктігін тексеру мүмкін емес. Сатып алғанда оның
тек тығыздығы ескеріледі. Сондықтан бұл өндірушіден кеткен ақау немесе басқа
да факторлар себеп болды деп нақты айту қиын,- дейді. Апаттың салдарын жою
мақсатында жергілікті билік төтенше шара қолдануға мәжбүр болды. Бүгін таңғы
сағат 5 пен 8 аралығында Павлодар қаласы түгелдей тіршілік көзінен ажыратылды.
Балабақшалардың жұмысы тоқтағанын білім бөлімі растады. Алайда, мектептерде оқу
барысы кестеден ауытқымаған.
Гүлжан
Қадырбаева, Павлодар қаласы білім бөлімінің басшысы:
Мектептерде
сабақ болмайтыны жайлы ресми нұсқау жоқ. Егер ондай шешім қабылданса, білім
бөлімінің сайтында жарияланар еді. Бірінші ауысымдағы сабақ қысқартылды, ал
екінші ауысым әдеттегідей оқиды.
Ағын
судан үй-жайы мен басқа да заттары бүлінген тұрғындардың шығыны есептеліп
жатыр. Әкімдік өкілдері соның негізінде қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізіп
беретінін мәлімдеді.
Әсемгүл
МҰХИТҚЫЗЫ