Спорт Қазақстан
$441.44 €473.09 ₽4.75
×

Өскеменде халықаралық кітап сыйлау күнінде оқырмандарға 300 кітап тарту етілді

AstanaTV
14.02.2017ж. 20:00
6576
Өскеменде халықаралық кітап сыйлау күнінде оқырмандарға 300 кітап тарту етілді

Бүгін Халықаралық кітап сыйлау күні. Бұл идея АҚШ-тың Миннесота штатындағы мектеп кітапханашысы, әрі кітап блогері Эми Бродмурдың бастамасымен жүзеге асқан. Кітап сыйлау күні алғаш рет 2012 жылы атап өтілді. Азғана уақытта бұл мерекенің аумағы кеңіп бүгінде 30-дан астам елде, соның ішінде Қазақстанда да атап өтілуде.

Пушкин атындағы кітапхананың қызметкерлері таңертеңнен бастап арнайы сөреге кітаптар қойып жатыр. Бұл күні кітапханаға келгендер мерекенің құрметіне орай, өзі қалаған кітапты таңдап, сыйлық ретінде тегін ала алады. Арасында  классика, шытырман оқиғалы детектив, махаббат лирикасы, балалар әдебиеті мен оқулықтар да бар.

Кітап сыйлау акциясына құрбыларымен келген Әсел Қасымова көптен іздеп жүрген «Ақ желкеннің ұландары» атты кітапты таңдап алғанын айтады.

Әсел Қасымова, Өскемен қаласының тұрғыны:

Кітап ең құнды қазына болғандықтан, өте қымбат тұрады, оны кез келген жерден табу мүмкін емес. Сол себепті осындай акциялар көп жүріп, осы күндері бір бірімізге кітап сыйлап тұрсақ, жақсы болар еді.

Кітап сыйлау мерекесін ұйымдастырушылардың мақсаты - бір-біріне жақсы кітап сыйлау арқылы адамдардың көңілін көтеру. Бұл күні өскемендік оқырмандарға 300-ден астам кітап сыйға тартылды.

Яна Авдеева, А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапхананың бас кітапханашысы:


Жақында жазушы Людмила Улицкаяның сұхбатын оқыдым. Ол: «Жағдай біз ойлағандай күрделі емес, жақын арада кітап ең қымбат және ең құнды сыйлық болады»,- деген еді. Қағаз кітапты қолға алу сондай тамаша ғой, оның энергетикасы ерекше. 

Әсем әуен де тамаша көңіл-күй мен жақсылық шуағын сыйлайды. Сондықтан Оралхан Бөкей атындағы мектептің домбырашылар ансамблі жиналғандарға ерекше музыкалық тарту жасады.

Жас өнерпаздардың айтуынша, домбыраның шанағынан төгілген әуен  -  ұрпақтан ұрпаққа мұра боп келе жатқан қазақтың көне аспабына деген махаббат. Ұстаздар жас күйшілердің музыкаға деген ықыласының ерекше екенін айтады. Ал көрермендер  қошеметпен қол соғып, домбырашылардың тағы бірнеше күй орындауын сұрады.  

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ