Атырау қаласы Сұлтан Бейбарыс даңғылы бойында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің терезесінен түтін шығып жатқаны туралы шақырту түсті, деп хабарлайды Атырау облысы ТЖД қоғаммен байланыс тобы.
Өрт сөндіру бөлімшесі шақырту орнына санаулы минуттарда жетіп, 6 қабатты тұрғын үйдің 6 қабатында орналасқан пәтерді түтін басқанын анықтады.
Құтқарушылар пәтер есігінің сыртынан құлыпталуына байланысты азаматтық қорғау сержанты Б. Саясатовтың басқаруындағы автосатының көмегімен терезе арқылы бөлмеге өтіп, пәтерде кішкентай баланың бар екенін анықтады.
Азаматтық қорғау аға сержанты А. Курманиязов 8 айлық сәбиді түтіннен қорғау үшін қалың көрпеге орап, пәтерден алып шықты. «Апаттар медицинасы орталығының» қызметкерлері баланы тексеріп, алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Құтқарушылардың жедел іс әрекетінің нәтижесінде жанудың өртке ұласуына жол берілмеді.
Зардап шеккендер жоқ.
Аталған шақыртуға Атырау облысы ТЖД 10 қызметкер 3 бірлік техника және «АМО» ММ 3 қызметкер, 1 бірлік техника қатысты.
ТЖД облыс тұрғындары мен қонақтарын тұрмыстағы, пәтердегі өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады,-деп жазады azh.kz.