$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ана перзентханадан шығып үлгергенше, мемелекеттік органдар туу туралы куәлігін дайындап қояды

AstanaTV
16.02.2017ж. 20:00
3937
Ана перзентханадан шығып үлгергенше, мемелекеттік органдар туу туралы куәлігін дайындап қояды

Болашақта ана перзентханадан шықпай тұрып, сәбидің туу туралы куәлігін ала алады. Бұл туралы «Үкімет азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы «Нұр Отан» партиясы комиссиясының отырысында айтты. Жиын сандық технологияларды дамыту мен қызмет көрсетудің тиімділігін арттыруға арналған.  Басқосуда белгілі болған бір жаңашылдық, болашақта халыққа қызмет көрсету орталықтарында банк қызметтері үшін арнайы терезе ашылуы мүмкін.

Қазірдің өзінде жаңадан босанған ана перзентханадан шыққанша, үкімет екі күн ішінде туу туралы куәлігін беріп, балабақшаға тіркеуге алып қояды. Егер ана өтінішін беріп үлгерсе, бала күтіміне арналған төлемдерді де бірден алады. Ал болашақта зейнеткерлерге де алатын зейнетақысының мөлшері туралы смс хабарлама келіп отырады.

Абылайхан Оспанов, «Үкімет Азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы:

Бала туған кезде ақпараттар базасына мәліметтер енгізіледі. Сосын электронды Үкімет ананың ұялы телефонына «Дүниеге бала әкелуіңізбен құттықтаймыз, атын қалай қойғыңыз келеді» деген хабарлама жібереді. Сіз баланың атын былай қоямын, әкесінің есімі былай деп жауап бергенде, біз туу туралы куәлігін дайындап қоямыз. Бұл жақын болашақта жүзеге асады.

Партия басшыларының алдында есеп берген  ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев та 1300-ге жуық ауылға ғаламдық желіні жеткізбек.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

1297 ауыл - болашағы бар ауылдар. Олардың 2 млн тұрғыны бар. Ауылға инетрнет жеткізу экономикалық тұрғыда шығынды. Жақын арада өзін ақтамайды. Жеке инвестор ауылға интернетті апармайды, оған тиімсіз. Сондықтан мемлекеттік жеке әріптестік аясында амалдарын іздеп жатырмыз.

Ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың дамуы бойынша халықаралық рейтингте Ресей, Италия, Түркия сынды елдерден озған Қазақстан 39 орында. Мемлекеттік қызметтің 77 пайызы автоматтандырылған. Дегенмен нұротандықтар мемлекеттік қызметтердің сапасына күмән келтірді. Осы бағытта өткен жылы партияның қоғамдық қабылдауларына 2100 азыз түскен халықтан.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Елбасымыз өз жолдауында технологиялық жаңғыртуды жеделдету мен цифрлы технологияның тұтас индустриясын қалыптастыруды алға қойып, Үкіметке «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жасауды тапсырды. Біздің ендігі мақсатымыз - осы жоғары технологияны бүкіл еліміздің және әрбір қазақстандықтың игілігіне айналдыру болуға тиіс.

Мәжіліс депутаты Майра Айсинаның айтуынша, бізде көптеген қызметтер оңтайландырылмаған. Мысалы, жер кадастры бойынша жұмыстар әлі жаңғыртылмаған.

Майра Айсина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Жүйенің жоқтығынан жер учаскесін алу үшін 1 адамға 55-тен 97 рәсімге дейін өту керек. Ол 3-тен 5 жылға дейін уақыт алады. БҰҰ-ның электронды Үкімет индексі бойынша Қазақстан 33 орында болса, құрылысқа рұқсат алу үшін  Дүниежүзілік банктің «Doing Business» көрсеткішінде 189 елдің ішінде 154-ші орындамыз.

Партия кураторының айтуынша, мұрағаттар мен АХАЖ бөлімдерін, жылжымайтын мүлік тіркелімі, жер кадастры дипломдар мен еңбек кітапшаларын сандық жүйеге көшіру шаруасы да ақсап тұр. Кейде жүйе автоматтандырылғанмен, құжаттар қағаз жүзінде қосымша дайындалып, мұрағатқа жіберіледі. Майра Айсина, нәтижесінде бюджетке 1 млрд теңге көлемінде шығын келеді, дейді. Тұрғылықты жері бойынша анықтаманы да мемлекеттік мекемелер халықтан сұрамай, электронды түрде бір-бірінен алғаны дұрыс екендігі жайлы  айтылды.

Айгүл ӘДЕПБАЙ