$460.43 €501.04 ₽6.65
×

Астаналықтар азық-түліктің қымбаттығы мен баспана кезегінің баяу жылжитынына наразы

16 ақпан 2017
3864
Астаналықтар азық-түліктің қымбаттығы мен баспана кезегінің баяу жылжитынына наразы

Ал Астанада бала туу көрсеткішінің артқаны сонша, босанған аналарды бірер күннен кейін үйіне шығару жиілеген. Бұл туралы шахар әкімі Әсет Исекешевтің халықпен кездесуі барысында айтылды. Перзентханалардың санын арттыру қажеттігі туындап тұр. Азық-түлік бағасының шарықтауы мен баспана кезегінің баяу жылжитыны тұрғындардың жүйкесіне тиген. Әкімнің есебіне тілшіміз Дәуренбек Бағдәулетұлы қатысып қайтты.

Астананы 8 ай басқарған Әсет Исекешевтың бұл ел алдындағы алғашқы есебі. «Астана» концерт залын ғана емес, елордамыздың екі бірдей ЖОО-ның жиын залын лық толтырған кездесуді көпшілік асыға күткен сыңайлы. Бірден іске көшкен Исекешев  қаланың әлеуметтік - экономикалық дамуына тоқталды.

Әсет Исекешев, Астана қаласының әкімі:

ЖІӨ 3 пайызға артып, 5 триллион теңгеге жетті. Инвестиция тартудан алдамыз. Бұл бағыт 11 пайызға артып, қала экономикасына 840 млрд теңге құйылды. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың арқасында олардың саны өсіп, 3 триллион теңгенің өнімі өндірілді. Бүгінде бұл сала нарықты 70 пайыз жұмыспен қамтып отыр.

Халықтың ең алдымен әкімге айтқан арыз-шағымы - қымбатшылық. Көпшілік тауарлардың сапасына, аспандаған бағасына наразы. Зейнетақы аз, ал азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасы шарықтап тұр деген көпшілік, шенеунікке базыналарын айтып қалуға асықты.

Базардағы өлшеп үкіметтен келді деген 250 грамм шәйдің қорабы дөп-дөкей, ішіндегісі 200 граммға да жетпейді, 50 келі қантыңыз да сол. Мынау не деген сұмдық!?

Әсет Исекешев, Астана қаласының әкімі:

Бұл нарық. Сондықтан оны бақылауда ұстау оңай емес. Ол аздай алда өтетін ЭКСПО көрмесінде 2 млн турист келіп, азық-түлік сұранысы 20 пайызға артуы мүмкін. Қазір арнайы жоспар жасақталып, азық-түлік бағасын бақылауда ұстауға байланысты тиісті шаралар жасалып жатыр.

Қала тұрғындары бас қаланың орталығы ханның қызындай үлде  мен бүлдеге оранып, шеткері аумақтары назардан тыс қала беретініне наразы. Мысалға Қосшы, Көктал сынды шахар маңындағы елді мекендерде жол мәселесі бас ауыруға айналған.

Жәй халықтың тұрған жерін қарап алып, соларға бір жағдай жасап барып, содан кейін мақтанатын жерде мақтану керек қой. Скверді сал, ботаникалық бақты сал, бірақ жәй халықтың тұрған жерімен санасу керек қой. 

Әсет Исекешев, Астана қаласының әкімі:

Мына шет аймақтарда екі үлкен мәселе бар. Бірі - жол, екіншісі - жарықтандыру. Сондықтан біз бюджеттен ақша бөліп, екі мәселені де шешеміз. Осы және келер жылы, екі жылдың ішінде шешіледі.

Бұдан өзге қала әкімі тұрғындарға ауа райы құбылған жағдайда, сабақ болмайтыны жайлы ескертпені ертерек, сағат таңғы  6-да жібереміз деп уәде етті. Кездесу бел ортасынан аса бергенде залдағы халықтың тең жартысының кетіп қалғаны болмаса, жиын барысында көптеген мәселе қаралды.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Айтпақшы, Астанаға таңғы және кешкі қарбалас уақыттарда кіру ақылы болады деген жоспар, азаматтардың арыз-шағымынан кейін белгісіз уақытқа кейінге қалдырылыпты. Сондай-ақ Исекешев қаланы бейнебақылау арқылы толық назарда ұстау үшін 13 мың бейнебақылауға бюджеттен 10 миллиард теңге жұмсамақ. Оның 3 мың камерасы биыл, ЭКСПО көрмесіне дейін қойылады. 3 сағатқа созылған жиын барысында әкімге сұрақ қойып үлгермегендер, әкімнің жеке қабылдауына жазылып, мәселесін сонда айтуға мүмкіндік алды.

Дәуренбек БАҚДӘУЛЕТҰЛЫ 


orda

«Orda FM» радиосы

Бұл жақсы музыка, өзекті жаңалықтар, қызықты бағдарламалар мен еркеліктер толқыны
Онлайн тыңдау
AstanaTV жарнамасы

Телеграм-канал AstanaTV

Подпишитесь на наш телеграм-канал и будьте в курсе всех событий моментально . Участвуйте в различных розыгрышах
Соңғы жаңалықтар