$480.55 €533.75 ₽5.36
×

Атырауда үш дос есірткі жасырмақ болған жасөспірімдерді ұстап алды

10.06.2024ж. 20:00
379
Атырауда үш дос есірткі жасырмақ болған жасөспірімдерді ұстап алды

Атырауда үш дос есірткі жасырмақ болған жасөспірімдерді ұстап алды. Саябақта серуендеп жүрген олар ағаш түбіне бір нәрсе жасырып отырған күмәнділерді байқап, ізінен бірден қуа жөнеледі. Алайда олар есірткі тасымалдаушылар емес, тұрғындардың реакциясына эксперимент жүргізілген волонтерлер еді. Атыраулықтар күмәнді әрекеттерге қалай қарады, тоқтатып, полицияға хабар бергендер болды ма? Тілшіміз әлеуметтік эксперимент түсірді. 

Орталықтағы жағалау маңы. Кешқұрым. Волонтерлар серуендеп жүрген тұрғындардың көзінше, есірткі жасырып жүрген сыңай танытты. Ағаш түбіне барып, ақ ұнтақ салынған орамаларды тығып, фотоға түсіреді. Алайда көз алдында болып жатқан әрекетке күмәнмен қарап, назар аударып жатқандар жоқ. Сондықтан экспериментті ұйымдастырушылар өзге демалыс саябағына баруды жөн деп тапты.

Мұнда да демалыстың қызған шағы. Волонтерлар қызметіне кірісті.Іле-шала зулап қаша жөнелді. Артынан үш жігіт қуып барады. Қолындағы орамаларды жасырып бастағанда, үш дос байқап қалыпты. Олардың бірі студент, қалған екеуі – ағалы-інілі мектеп оқушылары екен.

Бекзат БАҒЫТЖАН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Басын бұғып, бірдеңе салып жатыр. Мен сразу айттым, қара закладчик жүр ана қара деп. Үшеулеп артынан қуып тұрмыз ғо біз. Мыналар қашып бара жатыр, былай қарайды, былай қарайды. Закладчиктің ісі да. Жан жағына қарап, тығылып жүреді. +ұстап алып ұрып жіберу болды. Есірткі деген, адам өміріне зияны. Зиян болғаны былай тұрсын, өлімге апарады. Жақсы нәрсе емес.

Полиция қызметкеркерлері азаматтық ұстанымы мол жастарға алғыс айтты. Мұндайда қол көтерудің орнынан бірден полицияға хабар беруге кеңес берді. Эксперимент жалғасты. Саябақта үлкендер бала-шағасымен жүр, дос-құрбыларымен қыдырған жастар жағы да көп. Бірақ бір-екілі жағдай болмаса, тұтас қара киініп алып, бетіне бетперде кигендердің әрекетіне мән беріп жатқандар жоқтың қасы. Кейбірі көре тұра, «аш пәледен , қаш пәле» дегендей, көрмеген сыңай танытады. Айта кетейік, жыл басынан бері, 28 есірткі тасымалдаушы анықталды. Ішінде 5 әйел, 1 жасөспірім бар.

Марьяна ЖАНҒАЛИЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:

Бұл түсіндірме, алдын-алу жұмысын әрі қарай жүргізе беру керек дегенді білдіреді. Біз тұрғындарды есірткі айналымына қатысты қандай да бір заңсыздықты байқасаңыздар, бейжай қарамауға шақырамыз. Анонимді түрде хабарлауға болады. Жалпы, студент, жастар арасында жиі ақпарат береміз, бетшелер таратамыз. Осылайша біз болашақта ғасыр дертіне айналған есірткімен қоғам болып күресуге жұмылады деп ойлаймын.

Мамандардың айтуынша, есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты қылмыс жасағандар 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Егер бұл қылмыс білім беру ұйымдарында болса, және оған жасөспірімдер тартылса, егер жасөспірімдердің өліміне әкелген жағдай бола, өмір бақи бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Жалпы бес айда былтырмен салыстырғанда, есірткіні сату, сақтау, өсіру, жарнамалауға байланысты қылмыс саны артқан. Тәркіленген есірткі заттары да өткен жылмен салыстырғанда көп.