$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Елорданың қақ ортасындағы су жаңа тұрғын үй қоқысқа батып жатыр

10.06.2024ж. 20:00
401
Елорданың қақ ортасындағы су жаңа тұрғын үй қоқысқа батып жатыр

Елорданың қақ ортасындағы су жаңа тұрғын үй қоқысқа батып жатыр. Тұрғын үй кешенінің ауласына қоқыс жәшіктері орнатылғанымен, одан пайда жоқ. Әлі жабулы күйде тұр. Жұрт қалдықтарды қайда лақтыратынын білмей дал. "Ал жауаптылар біріне-бірі сілтеп, тығырыққа тіреді" деп ашынды. Оқиғаның мән-жайын тілшіміз Мөлдір Жақан біліп келді. 

Жаңа баспаналарына кіріп, төбесі көкке жеткен «Заман» тұрғын үй кешені тұрғындарының қуанышы су сепкендей басылды. Құрылыс компаниясы бұған дейін жөндеу жұмыстарынан қалған қалдықтар үшін арнайы орнатқан жәшіктерін алып тастапты. Оған себеп – келісімшарт уақытының аяқталуы. Енді тұрғындар бір аптадан бері қоқысқа көміліп отыр. Тұрмыстық қалдықтар үшін жәшіктер қойылды. Бірақ қызмет көрсетуші компанияның жоқтығынан әлі жабулы күйінде тұр.

Бибігүл ИГЕНБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Енді мусорды қайда тастаймыз? Далаға тастап жатырмыз есіктің алдына. Былай қарап отырсаң, көңілге сыймайтын нәрсе. Әкеп тастағанға өзіміз ұяламыз. Бак қойған. Оған мусор сыймайды. Ертең 100 процент тұрғылықты адамдар келетін болса, әкеп қойған мусорный бактары да жетпейді. Бәрі осылай тағы да далаға шашылып қалады.

Осылайша тұрғындар жабық тұрған 4 жәшікті аздық етіп отыр. Қазір жұрт күнделікті шығып жатқан тұрмыстық қалдықты көлікпен тасып, тіпті, көрші үйлердің жәшігіне лақтыруға мәжбүр. Қолқаны алатын қолаңса иіс тағы бар.

Шоқан ӘБУОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Біз КСК-ға хабарластық мусор жайлы. Олар акиматқа сілтейді. Акимат застройщикқа сілтейді. Жауапты адам таба алмай отырмыз. Қазір күн ысып жатыр. Әр түрлі иіс пайда болады. Алдымызда детская площадка бар, балалар ойнайтын жер. Мәселе тез арада шешімін таппаса, мына жерге әртүрлі жәндіктер де келуі мүмкін.

Жауаптылар бұл мәселенің жақын арада шешілетінін жеткізді. Есіл және Нұра ауданындағы тұрғын үйлерді қоқыстан «Таза Жер Кэпитал» компаниясы тазартатын болып белгіленді. Компания өз жұмысына маусым айының соңында кіріседі.

Еркебұлан НҰРКЕЕВ, ҚОҚЫС ШЫҒАРУШЫ КОМПАНИЯСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Заң жүзінде құрылыс компаниясы бұл объектіні мусор шығарушы организацияға бергенге дейін өзі толығымен қызмет жасау керек. Кейін мусор шығарушы компаниямен келісімшарт жасалғаннан кейін ол компания толығымен өзіне балансына алады. Есіл ауданы және Нұра ауданы әкімдігімен кездесу бойынша 20 тұрғын үй кешені қолданысқа берілу керек осы айда. Сол 20 тұрғын үйін біз қолданысқа алуымыз керек қызмет көрсетуге. Ішінде "Заман" тұрғын үйі де бар.

Айдар РАШИД, ҚАЛАЛЫҚ ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Қоқыс шығаратын компаниялар қызмет көрсетуге дайын. Тиісті құжаттарды толтырып, қажетті келісімшарттар орнату іс-шаралары жүріп жатыр. Кейін тұрғын үйлердің басқарушы компаниясы бізбен келісімшарт орнатуы тиіс болады. Қазірдің өзінде «Заман» тұрғын үйінің маңындағы қоқысты шығардық.

Құзырлылардың сөзінше қоқыс жәшіктері тұрғын үй кешеніндегі адам санына сәйкес есептеледі. Сондықтан «Заман» тұрғын үйінің ауласына қойылған 4 жәшік жеткілікті деп сендірді.