$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Ауғанстанда күн сайын 167 бала мен 24 ана қайтыс болады

11.06.2024ж. 20:00
437
Ауғанстанда күн сайын 167 бала мен 24 ана қайтыс болады

Иә, елде су тасқынынан кейінгі жағдай қалыпқа келіп жатыр. Бірақ әлем әлі тыныш емес. Тұрғындарды табиғи апат әбден әбігерге салды. Қытайда толассыз жауған нөсерден бірнеше қала суға кеткен. Ал, Австрияда лай көшкіні жүрді. Толығырақ әріптесім Аружан Задабек айтады. Эфирде «Жер-жаһан» айдары.

Қайырлы күн, көрермен! Иә, Австрияда соңғы бірнеше жылда болмаған су тасқыны болды. Әсіресе елдің оңтүстік-шығысындағы ахуал қиын. Тасқыннан бөлек лай көшкіні де жүрген. Салдарынан көлік қозғалысы қиындады. Көп аймақ жарықсыз отыр. Қытайда да апта бойы толассыз жауған жаңбырдан өзендер тасып, бірнеше қала мен елдімекенді су басты. Нөсерден өзен-көлдердің деңгейі 2,5 метрге дейін көтерілген. Егінжайларды қызыл су шайып, өнім жинауға дайындалып отырған диқандар шығынға батты. Қазір шаруа қожалығы көшіріліп, жүзге тарта адам құтқарылды. 

Ал, Мексикада құрғақшылық. Су қоймаларындағы тіршілік нәрі сарқылып, агросектор саласы қатты зардап шекті. Әсіресе, Чиуауа штатында жағдай қиын. Мұндағы су қоймасы әбден кеуіп кеткен. Кей елдімекендерде тіршілік нәрінің тапшылығынан ірі қара қырылған. Шаруалар амалсыз малын сатуға кірісті. Мексикада мұндай қуаңшылық соңғы рет осыдан 13 жыл бұрын болған көрінеді. 

Исмаэль КАТАНО, ШАРУА:

Шаруалардың көбі су мен азық жетіспеушілігінен сиырларынан біртіндеп құтылып жатыр. Биыл жауын-шашын болмады, соның кесірінен егін бітік шықпады. Азық жетіспей, мал қырылуда.

Әлемдегі өзге де жаңалықтарға ойысайық. Ауғанстанда әр күн сайын 167 бала мен 24 ана қайтыс болады. Оған- аштық пен медициналық көмектің дер кезінде жетпеуі себеп. Бұл мәліметті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы айтты. Бірақ жергілікті билік мұнымен келіспейді. Жарты жылда 300 ана өлімі тіркелген, - дейді. Қазір елдегі экономикалық жағдай мәз емес. Былтыр қаржы қысқарып, 450-ге жуық аурухана жабылып қалды. Ол 3 миллион халыққа кесірін тигізген. 

Сахиб ХАН, ТҰРҒЫН:

Мен отбасының бес мүшесінен айырылдым. Өкінішке орай, оларды құтқара алмадық. Халық қиналып жатыр.

Австралияда құс тұмауының жаңа штамы адамға жұқты. Бұл -елде бұрын-соңды болмаған жайт. Вирус 2 жасар қыздан табылған. Ол бірнеше ай бұрын Үндістанда болған екен. Қазір бұл елдегі 5 фермада құс тұмауы өршіп тұр. Салдарынан жарты миллионнан аса үй құсының көзі жойылды. Осы жағдайға байланысты елде жұмыртқа бағасы күрт өсіп кеткен. Әзірге менде бар ақпарат осы. Келесі аптада жүздескенше! Әлем тыныш болсын!