$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Ауыз су сапасына қатысты 43 мыңнан аса шағым түскен

11.06.2024ж. 20:00
401
Ауыз су сапасына қатысты 43 мыңнан аса шағым түскен

Былтыр ауыз су сапасына қатысты 43 мыңнан аса шағым түскен. Оған әбден тозығы жеткен желілердің әлі де жөнделмеуі себеп. Үкімет басшысы келер жылдың соңына дейін халық 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілуі керек деді. Жауаптылар небәрі 1,5 жылдың ішінде бұл тапсырманы орындай ала ма? Әріптесім Аружан Задабек толықтырады. 

Ауыз суға қатысты шағым көп. Елдегі желілердің тоз-тозы шыққан. Бір кездері оларды жөндеуге бюджеттен қыруар қаржы бөлінген. Қазір сақадай сай, дайын тұр. Бірақ қажетті су көзі жоқ. Жұмыс өнімді атқарылмағаннан кейін бөлінген 760 млн теңгенің 500 млны қайтарылды.

Олжас БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Бұл ретте, суды жіберген кезде олардың ішкі желілері қандай күйде болады деген орынды сұрақ туындайды. Болмаса жөндеу жүргізіп, қосымша шығыстар талап етіледі. Бұл – дұрыс жоспарламаудың салдары. Ақмола облысының әкіміне аталған мәселені ерекше бақылауға алуды тапсырамын. Мұндай жағдайларға жол бермеу үшін Өнеркәсіп және Су ресурстары министрліктері жобалардың іске асырылу барысын апта сайын бақылап, бұзушылықтар анықталған жағдайда маған тікелей баяндаулары қажет.

Қазір елде 89 қала болса, оның 65-і сумен толық қамтылған. Жыл соңына дейін Шымкент, Державинск, Екібастұз және Шардараға да су кіреді. Биыл бұл жұмысқа бюджеттен 218 млрд теңге бөлінген. Ал келер жылға дейін тағы 19 қала тіршілік нәрімен қамтылуы тиіс.

Қанат ШАРЛАПАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:

106 млрд теңгесі қалаларға және 112 млрд теңгесі ауылдарға бағытталады. Бұл жобаларды іске асыру есебінен 2024 жылдың аяғына дейін қала тұрғындарының 99,5% және ауыл тұрғындарының 97,8% ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Су құбырларына қатысты да мәселе біртіндеп шешіліп келеді. Мемлекет басшысы бұған дейін «Нұра топтық су құбыры» мен «Қазсушарды» біріктіруді тапсырған. Бұл іс аяқталуға жақын. Қазір құжат мәселесі реттеліп жатыр.

Болат БЕКНИЯЗ, ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Жергілікті халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету және ұйымдастыру жөніндегі әкімшілік реформа шеңберінде су шаруашылығын басқарудың тиімділігін арттыру үшін министрлік топтық су құбырларын жергілікті атқарушы органдардың теңгеріміне береді. Маңғыстау облысында «Қазба-Қызан-Ақшымырау», «Басқұдық-Беки» екі топтық су құбыры берілді.

Енді келер жылдың соңына дейін халық 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл - Үкімет басшысының тапсырмасы. Жауаптылардың пәрменді орындауына небәрі 1,5 жыл уақыты бар.